Өскемендегі май зауытынан өрт шықты

2018 жылғы 25 желтоқсан 12:30 137

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат — Өскемен қаласында күнбағыс майын өндіретін зауыт өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«25 желтоқсан күні сағат 08:27-де өрт сөндіру қызметіне Өскемен қаласында күнбағыс майын шығаратын «Өскемен май экстракциялау кешені» ЖШС-тан өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Ғимараттарды жылытуға арналған майдың өртенгені анықталды. Жалын ғимараттың жабындысына тарап, 280 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 09:27-де ауыздықталып, 10:27-де толық сөндірілген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ» делінген хабарламада.
Өндіріс процесі тоқтатылды. Тілсіз жаумен күресуге Шығыс Қазақстан ТЖД жеке құрамының 34 адамы мен 10 техника жұмылдырылған.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz