Өскеменде жоғалып кеткен 14 жастағы қыз үш күннен соң табылды

0
496

Өскемен қаласында жоғалып кеткен 14 жастағы қыз аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жәнерке Қанапиянова 8 тамызда жоғалып кеткен. Үйден дүкенге шыққан жасөспірім сол күйі қайтып оралмады.

«14 жастағы қызды іздеуге қалалық Полиция басқармасының барлық жеке құрамы және 50-ден астам ерікті жұмылдырылды. 11 тамыз күні Әл-Фараби даңғылында ойнап жүрген балалар қызды көріп қалған. Олар Жәнеркені үйіне әкелді», – делінген хабарламада.

Жасөспірім тәртіп сақшыларына не себепті үйден кетіп қалғанын айтып берген.

«Анам маған ұрысқан соң, оған ренжіп кетіп қалдым. Құрылысы аяқталмаған ғимаратқа барып сонда отырдым. Кенет өзімді жаман сезінген соң жата тұрайын дедім. Алайда орнымнан мүлде тұра алмай қалдым. Осылайша, 3 күнді сол жерде өткіздім. Әйтеуір халім жақсарған бойда сыртқа шықтым. Осы кезде мені балалар көріп қалды», – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскеменде 14 жастағы қыздың жоғалып кеткендігін хабарлаған болатынбыз.