Өскеменде Жастар жылы салтанатты түрде ашылды

0
187

Облыс орталығындағы Жекпе-Жек сарайында өткен шараға құрметті қонақ ретінде кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ақын Қалқаман Сарин, жеңіл атлет, үш бірдей Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова, «Алтай» волейбол клубының белді ойыншысы Кристина Аникинова шақырылыпты. Салтанатты шарада бірінші болып сөз алған шаһар басшысы Жақсылық Омар қала әкімдігі Жастар жылын атап өтуге ерекше әзірлікпен келгенін, атаулы жылға арнайы іс-жоспар бекітілгенін жеткізді. «Жастар жылы аясында түрлі іс шаралардан бөлек, қаламыздағы жігерлі, бәсекеге қабілетті жастарды қолдауға, оларға бағыт-бағдар беруге көңіл бөлмекпіз. Өскемендегі 400 мыңға жуық халықтың 25 процентін жастар құрайды. «Күн Шығыстан шығады» деп бекерге айтылмаса керек. Акцияны елден ерте бастап жатқанымыздың себебі де сол. Өскеменнің алпыс екі тамыры халқым деп соққан жастары осы жылды айрықша көңіл-күймен, айрықша үмітпен, үлкен сергектікпен атап өтеді деп ойлаймын», – деді қала әкімі.

Шара барысында құрметті қонақтар сахнаға шығып, сөз сөйлеп, Ольга Рыпакова жас атлет Елизавета Матвееваға, Қалқаман Сарин жас ақын Ерасыл Ермекұлына, Қанат Ислам жас спортшы Бауыржан Сәтжановқа, Кристина Аникинова 43 мектептің жас волейболшысына естелік сыйлықтарын тапсырды. Өскемендік «Инкорро» тобы, «Х-Фактор» жеңімпазы Евгений Выблов, «Ты супер» телевизиялық жобасының финалисі Влад Лоскутов пен алыстан ат арытып келген «Made in KZ» тобының әуелеткен әндері мен күмбірлеген күйлері жастар акциясының сәнін кіргізіп, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.

Реті келгенде айта кетейік, Өскеменге құрметті мейман ретінде шақырылған Қанат Ислам мен Қалқаман Сарин осы сапарларында облыс орталығының бірнеше мектебінде оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып қайтты.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН

Дереккөз: http://egemen.kz/