Өскеменде сабақ кезінде оқушыларға порнофильм қосылып кетті

0

Өскеменде қашықтан білім алып жатқан оқушылардың онлайн-сабағында порнофильм қосылып кетті. Бұл жайтты оқушылардың бірінің анасы байқап қалған, деп хабарлайды Алтайньюс.

Әйелдің айтуынша, ұлы оқитын мектепте онлайн-оқу кезінде сессиялар бірдей сценарий бойынша өтеді.

«Әрбір сабақ бойынша WhatsApp-та топ ашылған. Ол жерде оқушылар мен мұғалім ғана отырады. Яғни, бөтен ешкім жоқ. Сол топқа мұғалімдер ZOOM-ға кіретін сілтемені жібереді», – дейді ол. 

Бұл жолы да мұғалім әдеттегідей оқушыларға сілтеме жіберген. Оқушылар біртіндеп кіре бастаған. Алайда бір оқушы қыздың есімі екі рет шығып тұрған көрінеді.

«Сабақ кезінде оқушылар: «Неге топта бірдей атпен екі адам отыр?» деп сұраған. Сонда ғана бәрі бірден күдіктене бастаған. Бірақ бұған дейін мұндай жағдай болмағандықтан, мұғалім бірнеше рет бөтен адамдардың шығып кетуін сұрап, сабағын жалғастыра берген. Балалар сабаққа қатысып, талқылау жүргізіп, сабақ көрсетіп отырған. Сосын мұғалім екі аккаунтпен кіріп отырған оқушымен сөйлесе бастаған кезде бейәдеп кадр қосылып кеткен», – дейді куәгер. 

Әйел адам «18+» видео қосылған кезде есі шығып кеткенін айтады.

«Мен шошып кеткендіктен, не істерімді білмедім. Мұғалім де сондай күйді бастан кешкен шығар. Не болып жатқанын ұқпай, бірден трансляцияны өшіріп тастадым», — дейді оқушының анасы. 

Артынша ата-аналар чатында оқушылар болған жағдай туралы сөз қозғамағаны белгілі болды. Қала тұрғыны баласы білім алатын мектептен түсініктеме талап етіпті. Мектептегілер бұл жағдайға бей-жай қарамайтынын айтқан. Ал мұғалімнің сөзінше, мұны оқушылардың өзі істеген болуы мүмкін.

«Мұғалім балаларымызды кінәлап отыр. Оның ойынша, оқушылар біреуге сілтемені жіберген немесе мұны өздері істеген», — дейді куәгер әйел. 

Сонымен қатар, сынып жетекшісі бұл жағдайға мұғалім жауапты екенін айтты.

«Әр мұғалімде ZOOM-ды қалай өткізу керегі туралы нұсқаулық бар. Біріншіден, мұғалім бәрін сабаққа тексеріп кіргізуі керек. Яғни, оның бөтен адамдарды сабаққа кіргізуге құқығы жоқ. Аккаунта міндетті түрде оқушының аты-жөні жазылып тұруы керек. Екіншіден, мұғалім сабақты видеоға жазып отыруы керек. Сабақ кезінде келеңсіз жайт болса, видео арқылы оны кім істегенін анықтауға болады. Бұл жағдайда бір оқушының атынан тағы біреулер кіріп отырған, яғни оқушы қыздың аккаунты мен фейк. Сабақ видеоға түсірілмеген. Осы екі себепке байланысты мұғалім жауапты болады», – деді сынып жетекшісі.