Өскеменде пара алғыш үш полицей 7 жылға сотталды
Өскеменде көлік құралдарының жүргізушілерінен пара алғаны үшін патрульдік полиция батальоны қызметінің үш инспекторы сотталды, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеше, 11 ақпанда, Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен Өскемен қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Р.А. Лукин, А.С. Саханов жеті жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды,
Т.Ш. Кенжебаев жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіз түзеу мекемесінде өтейді», — делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпараты бойынша, полиция қызметкерлері адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы 2020 жылғы 20-26 маусым аралығында
алдау және сенімге қиянат жасау жолымен алаяқтық жасады және жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны үшін көлік құралдары жүргізушілерінен пара алды.