Өскеменде нан мен сүттің бағасы арзандайды
Фото: ngs42.ru
Астана, BAQ.KZ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін тоқтату бойынша жұмыстардың аясында Өскемен қалалық әкімшілігі бизнес өкілдерімен уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
Өскемен әкімдігі мен бірқатар тауар өндірушілері әлеуметтік бағамен сауда-саттық ұйымдастыру туралы меморандумға қол қойды.
Олардың қатарында үш ұн өндіретін компания бар, олар: «Защитинский элеватор» ЖШС, «Мидиа» ЖШС және «Ильмас премиум» ЖШС. Бұлар ұнды ең төмен үстеме бағамен беретін болды. Әлеуметтік нан «Каравай» ЖШС мен «ЭКО Агро» ЖШС наубайханаларында дайындалады. Өскемен тұрғындары үшін салмағы 500 граммдық мұндай нанның бағасы 65 теңге болмақ.
Сонымен қатар, «Шығыс Сүт» ЖШС мен «Багратион Ұлан» ЖШС майлылығы 2,5%-дық пастерленген сүтті төмен бағамен сатады.
Арзан нан мен сүт әлеуметтік сауда орындарында жуық арада сатыла бастайды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ