Өскеменде мейрамханалар мен сауда орындары ашылды

0

Шығыс Қазақстан облысында шектеулер алынғаннан кейін көтерме сауда орындары, азық-түлік емес дүкендер, қонақ үй кешендері жұмысын бастады

НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Өскеменде сенбі, 16 мамырда мейрамханалар мен сауда орындары жұмысын бастайды.

Одан бөлек, сауда орындары мен қонақ үйлер де ашылады.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өзге аймақтармен салыстырғанда анағұрлым аз. Бұл карантиндік шектеулердің елден бұрын алынуына себеп болды, деп хабарлады Хабар 24.

Соңғы мәлімет бойынша облыста 57 адам ауруды жұқтырды. Облыстық штаб әу бастан карантиндік талаптарды күшейтудің ең мықты әдістерін қолданып, ауруды өршітпеу үшін барлық қам-қарекетті жасады. Дегенмен тұрғындарды тақ не жұп күндер тәртібімен жүру, көлікке отырғанда арнайы қызыл немес көк түсті рұқсатнаманың болуы сынды талаптардың титықтатып жібергені рас. Енді бүгіннен бастап бұл талап өз күшін жояды. Сенбі-жексенбі күні де көлік қозғалысына шектеу жоқ.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанның айналасындағы блок бекеттер қашан алынады

Сонымен қатар көтерме сауда орындары, азық-түлік емес дүкендер, қонақ үй кешендері жұмысын еш кедергісіз бастай алады. Дәмханалар мен мейрамхана иелері де кәсіптерін жалғастырады.Тек жазғы алаңқайларында 30-дан көп адам жиналмауы тиіс. Дәл осындай талап діни нысандарға да қойылып отыр.

Әрине, инфекцияның таралуы әлі ешбір елде тоқтаған жоқ. Сондықтан тым босаңсып кетуге де болмайды. Семей қаласында мәселен, сырқаттанғандар саны өсіп тұр. Сонымен қатар көршілес Ресейдегі жағдай мен Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы жағдайды ескеру керек дейді мамандар. Сол себепті Семей мен Өскеменнің шетіндегі блок-постар әзірге алынбайды.  

«Күршім, Қатонқарағай, Зайсан, Көкпекті, Алтай аудандары мен Риддер қаласында инфекция жұқтырған адам тіркелмегендіктен және де басқа облыспен көршілес болмағандықтан біршама объектілердің жұмысы жанданады. Оның ішінде балабақшалар мен білім беру мекемелері, ойын-сауық, мәдени кешендер, азық-түлік сататын және әмбебап базарар ғимараттары жұмысқа кіріседі», — деп атап өтті облыстың бас санитар дәрігері Гүлайым Тағаева.  



sputniknews.kz