Өскеменде ер адам танысының көлігін өртеп жіберді – видео

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол 2 мың айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл төлейді немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Өскемен қаласында ер адам таныс қыздың көлігіне бензин шашып, өртеп жіберген. Оқиға «Сергек» камерасына түсіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 33 жастағы ер адам Toyota Corolla көлігіне бензин шашқан. Одан кейін от қойып, қашып кеткен. Көліктің иесі – 28 жастағы қыз. Екеуі бір-бірін біледі.

«Ер адам тергеу абақтысына тоғытылды. Қылмыстық кодекстің 202-бабы (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – дейді полицейлер.

Айта кетейік, заңда мұндай қылмыс үшін 2 000 АЕК (5 556 000 теңге – Sputnik Қазақстан) көлеміндегі айыппұл төлеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



sputniknews.kz