Өскеменде 40-қа тарта полицей бір күн бойы іздеген қыз үйінен табылды
Қыз анасымен ұрсысып қалғаннан кейін үйдің шатырына шығып алған
НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Өскеменде жоғалған кәмелетке толмаған қыз табылды, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сәрсенбі, 7 тамызда қала тұрғыны 2007 жылы туған қызының жоғалғанын айтып арызданған. Полиция дереу баланы іздестіру жұмысын ұйымдастырды, қырыққа жуық полиция қызметкері төңіректі шолып шықты – аулаларды аралап, көршілерден сұрастырды.
Тағы оқыңыз: Алматыда жоғалып кеткен отбасы табылды
Қыз келесі күні табылды. Белгілі болғандай, ол осы уақыт бойы үйінің шатырында тығылып жатқан. Ол анасымен ұрсысып қалғандықтан осылай жасағанын айтты. Дәрігерлер баланы тексерді, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Іске ювеналды полиция араласып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
sputniknews.kz