Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды
Өскемен қаласының жаңа әкімі болып Алмат Ақышов тағайындалды, — деп хабарлайды ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
ҚР Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Алмат Ақышовтың экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мол тәжірибесін ескеріп, оған облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамытуды қамтамасыз етуде зор жауапкершілік артылатынын атап өтті.
Аймақ басшысы жаңа тағайындалған әкімге экология мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға ала отырып, қаланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар экономика, құрылыс, абаттандыру және әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды аяқтауды жүктеді.