Өскемен әкімінің бірнеше миллион тұратын бренд күртесі қызу талқыға түсті

0

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар құны бірнеше миллион теңге тұратын күрте киіп жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының назары қала басшысының курткасына ауды. Қаладағы шағынаудандардың бірінің тұрғындарымен кездесуге әкім Stefano Ricci брендтік киімімен барған. Бренд өте танымал және бағасы да арзан емес.Брендтік дүкендердің сайтына кірсеңіз, аталған куртка үш миллионнан бес миллион теңгеге дейін тұратынын көруге болады. Нақты баға қазіргі уақытта осы өнімдерге жеңілдік бар-жоғына байланысты.

«Тігін өнерінің теңдесі жоқ маэстросы SR-дің  жаңа топтамасында заманауи түрде қайта ойластырылған классикалық түнгі аспан түсті күрте бар. Бренд шеберлері кашемир қосылған тығыз жүн фланельден жасалған екі қалтасы бар үлгіні тікті. Күрте іші таңдаулы мамық пен қауырсынмен толтырылған, мойынды желден қорғайтын тік жағасы бар. Таңғажайып астарлы логотипті аппликация және гальваникалық жабыны бар қолтаңба жабдықтары дизайнға сән-салтанат қосады», — делінген күрте сипаттамасында.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында шенеуніктен сұхбат алған болатын – сол кезде Өскемен әкімі 578 мың теңге жалақы алатынын айтып, ақша жетпейтініне шағымданған.