ОСК Тоқаев пен Түгелге қол жинауға рұқсат берді

0

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін президент сайлауына кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сәдібек Түгелге қол жинауға рұқсат берді.

26 сәуірде ОСК «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының кандидаты Сәдібек Түгел мен «Нұр Отан» партиясының үміткері Қасым-Жомарт Тоқаевты «Сайлау туралы заңға» сай кандидат болуға мүмкіндігі бар деп, оларға қол жинау қағазын берді.

Тоқаев сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын аударып, қазақ тілін меңгергені туралы емтихан нәтижесін, «Нұр Отан» партиясының шешімін, сайлауға түсуге келісімін, дипломын, мемлекеттік қызметте бес жыл істегенін растайтын құжат, сотталмағаны және жемқорлық ісі бойынша жауапқа тартылмағаны туралы анықтама тапсырған.

ОСК ішкі істер министрлігі көші-қон комитетінің көмегімен Тоқаевтың соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда тұрғанын анықтаған. Тоқаев ОСК-ға Конституциялық кеңестің ресми қаулысын берген.

Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің жетекшісі болған. Конституция бойынша, Қазақстан президенті болып соңғы 15 жыл елде тұрған азамат қана сайлана алады. Үш жыл шетте тұрған Тоқаев осыған байланысты Конституциялық кеңеске түсініктеме беруді сұрап, сауал жолдаған. Конституциялық кеңес «Қазақстан азаматы шетелдегі дипломатиялық қызметте немесе Қазақстан мүше халықаралық ұйымда жұмыс істесе, ол ел аумағында тұрған болып есептеледі» деп жауап берген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Президент сайлауына кандидат ұсыну 28 сәуір кешке дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға бойкот жариялады.

Azattyq