ОСК кезектен тыс президент сайлауына 12 млрд теңге сұрады

0

Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына 12 миллиард теңге сұраған. Бұл туралы 11 сәуірде сенат отырысында қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты.

Вице-министрдің сөзінше, «қазір сайлау бюджеті есептеліп жатыр, шығын көлемі азайтылуы мүмкін».

Қаржы министрлігінің есебінше, сайлау шығынының 70 пайызы сайлау округтерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегіне жұмсалады.

Шолпанқұловтың айтуынша, 2015 жылғы кезектен тыс президент сайлауына 5 миллиард теңге кеткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтқан.

10 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталатынын жариялады.

Azattyq