«Орысша сөйлегенім үшін соққыға жығылдым»: Жұртты шулатқан блогер көпшіліктің ашуына тиді (видео)
Блогер әрі актер Шыңғыс желіде құлағындағы сырғасы мен орысша сөйлегені үшін Ақтаудағы жағалауда соққыға жығылғаны туралы видео жариялаған. Алайда кейін соққыға жығылғаны өтірік екені анықталып, көпшілік оны сынға алған. Әлеуметтік желілерде пайда болған видеода блогер өзін Ақтау жағалауында соққыға жыққанын айтады.
“Жігіттер, мен жаңа ғана төбелесіп қалдым… Ақтаулық жігіттер маған жақындап, менен қазақ тілінде сырғама қатысты сұрақ қоя бастады. Мен оларға ештеңе айтпадым, артық ешнәрсе жасамадым. Менің орысша сөйлейтінім, сырға тағып, сәнді шаш үлгісін қойғаным олардың ызасын келтірді”, – дейді Шыңғыс.
Алғашында видео 215 мыңнан астам жазылушысы бар блогердің Instagram парақшасында жарияланған, бірақ бүгінде видео парақшадан өшірілген. Соған қарамастан, Қазнеттің танымал пабликтері видеомен өз парақшаларында бөлісіп үлгерген. Ал видеодағы жағдайды көрген қазақстандықтардың дені блогерді “соққыға жыққандарды” сынға алған.
Көп ұзамай блогер соққыға жығылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, өз парақшасында көпшіліктен кешірім сұрағаны бейнеленген видео жариялады. Ол бұл видео екі бөліктен тұратынын, алғашында соққыға жығылғаны туралы айтқанымен, екіншісінде соққыға жығылуы тек образдардың бірі болғанын және болашақ жобасы туралы сөз ететінін алға тартқан. Алайда екі видеоның тек алғашқысы ғана Қазнетте ел назарына іліккен екен.
“Осыған орай мені көп адамдар дұрыс түсінбеді. Мен Ақтау қаласының тұрғындарынан, жігіттерден кешірім сұрағым келеді, түсінбестік болғаны үшін шын жүректен кешірім сұраймын”, – дейді блогер. Шыңғыстың әрекетін бірі түсінсе, енді бірі сынға алған. Олар тіл мен ұлт тақырыбында әзіл мен пранк жасайтындарға абай болу керектігін жарыса жазуда.