«Орыс тілінде шала сөйлеп Қазақстанды ұятқа қалдырасыз»: «Болашақ» бағдарламасында дау туды

0

Әлеуметтік желіде «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен сұхбаты кезінде қозғалған әңгіме қызу талқыланып жатыр. Темірбаев сол кезде «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзді естігенін мәлім етті. Ол үміткер ретінде себепсіз іріктеу кезеңінен өтпей қалғанын, комиссия құрамында спорт пен медицинадан хабарсыз тұлғалар отырғанын айтады.

Ulysmedia.kz порталы Жасұлан Темірбаевтің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ғылым және жоғары білім министрлігінен, халықаралық бағдарламалар орталығынан сұрап көрді.

THREADS ЖЕЛІСІНДЕГІ ЖАЗБА

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада Жасұлан «орыс тілін білмегенім үшін елімді ұятқа қалдырамын ба?» деген орынды сауалды қозғайды. Іріктеу кезеңінде «Вы разговариваете на русском с акцентом. Вы будете позорить Казахстан» деп айтқан комиссия мүшесінің не себептен мұндай сөзді айтқанын түсінбейді. Осы жазба кейіннен әлеуметтік желіде белсенді тұлғалар парақшасында жарияланып талқыға түсті. Осыны оқыған желі қолданушылары пікір алаңында мұның нағыз бассыздық екенін ашық айтады.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен сұхбаты 2024 жылы 6 қарашада өткен. Әңгіме қарапайым сұхбат кезінде туындаған.  Комиссияда бес мүше болған.

Сіз не үшін «Болашақ» бағдарламасымен барғыңыз келеді? Неліктен Американы таңдадыңыз? Оралған соң қандай жұмыспен айналысасыз деген қарапайым сұрақтар қойылды. Бір ескеретін жәйт, сұхбаттың жартысынан көбі орыс тілінде өтті. Мен бұған дейін орыс тілін керемет меңгергенмін деп ойлайтынмын. Сұрақ-жауап соңына таман комиссия мүшесіндегі көзәйнекті әйел кісі «Вы разговариваете на русском с акцентом. Вы будете позорить Казахстан» деп тура осылай айтты. Оған жауап ретінде бұл нәрсе менің шетелде оқуыма ешқандай кедергі келтірмейді дедім, — дейді ол.

Жасұлан орыс тілі ана тілі емес екенін, бірақ  ол тілді  жетік меңгергенін,  академиялық деңгейде ойын жеткізе алатынын айтқан.

«ШЕТ ТІЛІ МАҢЫЗДЫ МА, ӘЛДЕ ОРЫС ТІЛІ МЕ»

Үміткердің сөзінше, комиссия мүшелері ағылшын тілін емес, орыс тілін маңызды санаған. Бұл тұста тағы бір басты мәселе бар.

Мен «Болашақ» стипендиясына дайындайтын ұйым арқылы тапсырдым. Менің тобымда тоғыз адам болды.  Қатарымдағы  үміткерлердің ішінде ағылшын тілін ең жетік меңгергені мен едім. Ағылшыншасы жүйрік адамды емес орыс тілін білгендерді өткізді. Бұл жерде ойландыратын ең маңызды мәселе осы.  Алдағы уақытта дәл осы сұрауға жауап талап етпекпін, — дейді ол.

Жасұлан Темірбаев қазақ орыс тілінде акцентсіз сөйлеу керек дегенді алға тартып тұрғаны шамына тиетінін жеткізді. Өзі кейбір адамнан «Болашақ» қорында үміткерді психологиялық тексеруден өткізетінін естіген. Тілге қатысты ауыр сөзді сондай сұрақтардың бірі деп ойлаған. Үміткер комиссия мүшесінің «психологиялық тексеруіне» «ана тілім болмағандықтан қателіктер болатын шығар, бірақ мен ғылыми тілде орыс тілінде оқып, аудара аламын» деп жауап берген. Жасұлан орыс тілін қарым-қатынас тілі деп есептейді әрі барлық сұраққа кәсіби деңгейде нақты жауап бере алғанына сенімді.

«КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ТАЛАПҚА САЙ ҚҰРАЛМАҒАН»

Темірбаев тіл мәселесінен бөлек тағы бір жайтты байқаған.

Комиссия мүшелері білімдеріне сай емес. Таңдау талаптарына сәйкес дұрыс құралмаған сияқты. Мен, спорт медицинасының маманымын.  Комиссия мүшесіндегі мамандар спорт министрлігі дегенді алғаш рет естіп тұрғандай.  Ол жерде спортты, медицинаны түсінбейтін адамдар отырған секілді. Біздің елімізге спорт медицинасы жетіспейді. Зерттеуім бойынша, бұл бағдарлама, бірде-бір рет спорт медицинасын оқуға жібермеген екен. Бұл жерде тағы ел басшымыздың сөзі ескерілмеді ме деп ойлаймын. Өйткені, президенттің өзі спортты оның ішінде  медицина мамандарын дамыту туралы жарлық шығарған еді, — дейді ол.

Темірбаев комиссия мүшелері спорттан хабарсыз деп есептейді. Әңгіме барысында ол Американың әр Олимпиада сайын алдыңғы қатардан топ жаратын спортшыларды даярлайтындықтан, сол елді таңдауына себеп екенін атап өткен.

Енді олардың халық саны көп қой» деген  орынсыз, ойсыз сөз айтылды. Олар осыны ғана ескеріп, оның астындағы мың критерийді ойлап отырған жоқ, себебі спортты, медицинаны білмейді. Яки, бұл жерде тіл мәселесінен бөлек спорттан хабарсыз терең ойсыз тұлғалардың отырғаны көрініп тұр. Комиссия мүшелерінің қандай талаптар бойынша құрылғанына жауап алу мақсатында Болашақ қорына ресми хат жолдамақпын, — дейді үміткер.

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz порталы осы оқиғаның мән-жайын ғылым және жоғары білім министрлігінен сұраған. Министрлік «сұхбат қорытындысында комиссияның 4 мүшесі оның кандидатурасын «Болашақ» стипендиясына ұсынбауды қолдап, 1 мүше оны қолдағанын» жазды. «Қазақстанның кез келген азаматы егер ол «Болашақ» стипендиясын беру ережелеріне сәйкес келсе, 2025 жылы халықаралық «Болашақ» стипендиясын алу конкурсына қайта қатысуға құқылы» деп жауап берді. Алайда тілге қатысты Темірбаевтің дауы жөнінде министрлік ешқандай ақпарат бермеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» министрлікке үміткерлерді іріктеу барысына мониториң жүргізіп, «ешқандай бұзушылықтар анықталмағанын» хабарлаған. Жасұлан Темірбаевтің «Болашақ» стипендиясын алу конкурсына қайта қатысуға құқылы екенін жеткізген.

ОРТАЛЫҚ ҮНСІЗ

Ulysmedia.kz тілшісі Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдеріне осы оқиға жөнінде байланысқа шығып, толығырақ ақпарат алуға тырысқан. Олар министрліктің редакцияға жолдаған жауабына сілтеп, өз тарапынан қандай да бір ақпарат бермеді.