Ортсайлауком 2022 жылғы 24 тамызда өткен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау қорытындыларын анықтады
2022 жылғы 26 тамызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалық етуімен 2022 жылғы 24 тамызда өткен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа бейнеконференция байланысы режимінде Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау алғаш рет өткізілгенін атап өтті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жаңа облыс құру туралы Жарлығы күшіне енгеннен кейін, аталған өңірлерде жаңа мәслихаттар жасақталып, аумақтық сайлау комиссиялары құрылды. Сондықтан осы жаңа өңірлер жанама сайлау құқығы негізінде Парламент Сенатындағы өз өкілдерін сайлады.
Отырыста ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау қорытындылары туралы баяндама жасады.
Баяндамашының ақпаратына сәйкес, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары негізінде сайлау өткізілді деп танылды.
Барлық үш өңір бойынша 346 мәслихат депутатынан дауыс беруге 311 депутат қатысты. Яғни, барлық өңірлерде кворумға қол жетті.
Парламент Сенатындағы тиісті 6 мандатқа барлығы 12 кандидат (әр облыстан 4 адамнан) дауысқа түскен.
Дауыс беру, өзге де сайлау рәсімдері сайлау заңнамасының нормаларына сай өтті.
Сайлау күні Ортсайлаукомның интернет-ресурсы арқылы таңдаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істеді. Яғни, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығы толыққанды қамтамасыз етілген. Бұл процесс ОСК ақпараттық арналары арқылы да жедел жарияланып отырды.
Отырыста Орталық сайлау комиссиясы «2022 жылғы 24 тамызда өткізілген Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау туралы» қаулы қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12, 44 және 81-баптарына сәйкес, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау қорытындылары анықталды.
Яғни, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары болып:
· Абай облысынан:
Байахметов Бақытжан Кәкенқаджаұлы(2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне);
Арғынбекова Айнұр Серікпайқызы (2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне);
· Жетісу облысынан:
Толамисов Амангелді Ғабдылкәрімұлы (2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне);
Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы (2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне);
· Ұлытау облысынан:
Медебаев Советбек Тұрсынұлы (2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне);
Шайдаров Серік Жаманқұлұлы (2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне) сайланды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Парламент Сенатының депутаттары алты жылға сайланады. Сонымен қатар, олардың жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады.
ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазіргі уақытта Парламент Сенатында 2017 және 2020 жылдары сайланған депутаттар өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда. Атап өту қажет, 2022 жылғы 24 тамызда өткен сайлауда таңдаушылар – мәслихат депутаттары жанама сайлау құқықтары негізінде жасырын дауыс беру арқылы жаңа сенаторлардың қайсысы 2017 және 2020 жылдары сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімдеріне ротация арқылы сайланатынын өздері анықтады» — деп атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес 2022 жылғы 24 тамызда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау қорытындылары туралы ОСК ресми хабарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.