ОРТАҚ ВАЛЮТАНЫҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР

0
83

Еуразия экономикалық одағы елдері арасында трансшекаралық есеп айырысу жүйесінде ортақ валютаны қолданысқа енгізу туралы ұсыныс қоғамда қызу талқыға ұласты. Бұл ұсынысты Ресейдің Ұлттық төлем кеңесі жасады. Ресей Қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев «Ортақ валюта сыртқы санкциялар жағдайында төлем жүргізуді жеңілдету үшін қажет» деп түсіндіріп үлгерді. Ресей ақпарат құралдары да жаңа валюта долларға тәуелділіктен құтқарады, тек электронды нұсқада ғана қолданылады деп жарыса жазып жатыр. Бұл ұсынысқа қазақстандық сарапшылар не дейді?  

Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ресми мәлім­деме жасап, ортақ валютаны қолдамайтынын білдірді.
– Біз қолдамаймыз. Жеке адам ретінде де, саяси тұлға есебінде де позициям – осы. Ұлттық валюта – Ту, Елтаңба мен Әнұран сияқ­ты тәуелсіздігіміздің нышаны. Баста­ма­ны Ұлттық төлем кеңесі көтерген. Бұл Ресейдің ресми ұсынысы емес. Дәл осылай Қазақстандағы кез келген қаржыгерлер қауымдастығы да бірнәрсе ұсына алады, – деді министр.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталы­ғы­ның директоры Рахым Ошақбаев министр­дің ойын мақұлдап, ортақ валюта идеясының мүмкін емесін айтады. Қоғамдық ұйым ұсын­ған бастаманың Қазақстан үшін ешқандай маңызы жоғын әрі министрдің мәлімдемесі еліміздің ресми позициясын көрсеткенін алға тартқан сарапшы «Басты құндылық – тәуел­сіздік» екенін еске салды. Ресейлік идея авторла­ры­ның «Ортақ валюта Одақ елдері арасындағы есеп айырысуды жеңілдетеді» деген пікіріне қарсы ой білдірген Рахым Ошақбаев «Еура­зиялық экономикалық кеңістікте өзара төлемдерді жүзеге асыруда ешқандай мәселе жоқтығын» қадап айтты.
Экономист Жарас Ахметов «Кез келген ортақ валютаның енгізілуі – ұлттық тәуел­сіз­діктен бас тарту» деп есептейді. «Еуразиялық экономикалық одақ елдері өз егемендігінен бас тартады деп ойламаймын» деген ол ортақ валюта туралы ұсыныстың экономикалық қырына қарағанда саяси астары басым екеніне назар аударды.
– Өйткені біз ортақ валютаға келісу ар­қы­лы Ресейдің саяси басымдығына жол бе­ре­міз. Қазір «оқшау» күйге түскен Ресей Еура­­зиялық экономикалық одақ елдерін бар­лық амалмен өзіне байлауға тырысып жатыр, – дейді.
«Ортақ валюта айналымға енгізілсе, дәстүрлі ақша күйінше басылмай, электронды болады» деп жобаның жұмыс істеу принципін түсіндіруге тырысқандарға сарапшының жауабы дайын.
– Жобаның шарттары, техникалық тұс­тары, электронды ақшаның жұмысы қандай жүйеде құрылатыны маңызды емес, ең басты­сы оның ұлттық тәуелсіздікке төндірер қате­рін қаперде ұстау керек, – дейді Ж.Ахметов.
Ортақ валютаны жақтаушылар жиі қол­данатын мысалдың бірі – Еуроаймақ. Еуро­ны айналымға енгізген елдер тәжірибесін үлгі ететіндерге Еуразиялық экономикалық ко­мис­сияның интеграция және макроэконо­мика бойынша алқа мүшесі Татьяна Валовая «Қазақпарат» порталына берген пікірінде салыстырмалы талдау жасады.
– Еуропалық тәжірибені жіті зерттей келе, ортақ валюта туралы сөз қозғау әлі ерте екенін түсініп, тіпті «ол туралы айтудың қажеті бар ма?» деген ойға қалдық. Өйткені экономикалық құры­лымдарымыздың Еуро­палық одақтан айыр­машылығы көп. Мәсе­лен, өзара сауда-сат­тықтың үлесі бізде – 14,5 пайыз. Ал Еуропа одағында өзара сауда-саттықтың үлесі 66 пайызға жетеді. Демек, Еуропа одағы елдерінің кәсіпкерлері бірыңғай валютаны енгізе отырып, біршама қаражатын үнемдеп қалды. Осыны ескере отырып, ортақ валютаны енгізуге асықпау керегін, тіпті бұл тақырыпты талқылаудың қажеті жоқ екенін түсіндік, – дейді ол.
Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институ­тының сарапшысы Сергей Домнин «Ортақ валюта долларға тәуелділіктен құтқарады» деген позитивті болжамға сенбейді.
– Доллардың ықпалынан толықтай арылу мүмкін емес. Өйткені ортақ валюта енгізілген күннің өзінде оның бағамы ұлттық валюта­лардың бағамына байланысты есептеледі. Ал оларға доллардың ықпалы дәл бұрынғыша сақталады. Доллар халықаралық сауда мен инвестициядағы негізгі валюта екенін ұмытпаған жөн, – деді.
Сарапшы батыстық санкциялардың салқыны тиген Ресейдің ортақ валютаға нендей үміт артатынын және Мәскеу мен Вашингтон арасындағы дауға араласқан үшінші тарапты қандай қауіп күтіп тұрғанын былайша түсіндіреді.
– Ұлттық төлем кеңесі ортақ валюта енгізу мен санкциялардың арасынан тікелей байланыс көреді. Олардың ойынша, жаңа механизм өзара саудаға келетін кері әсерлерді қысқартуға көмектеседі. Бірақ бұл сауданың долларда жүретін бөлігіне ғана қатысты. Алдағы уақытта америкалық санкциялар нақты компанияларға қатысты қолданылатын болса, олармен теңге, рубль не юань арқылы (басқа кез келген валютада) есеп айырысқан кез келген контрагент соққыға ұшырайды. Америкалық санкциялар экстерриториалды сипатқа ие болғандықтан, АҚШ қаржы реттеушісінің белгілеген талаптарын орындамаған кез келген үшінші тарап зардап шегеді. Бұл тұста ресейлік Су–35 жойғыш ұшағын сатып алғаны үшін шектеулерге ұшыраған Қытай орталық кеңесінің әскерді дамыту департаментін еске алуға болады.
«Еуразиялық экономикалық одақ дең­гейінде ортақ валютаны қолданысқа енгізудің түбі мемлекеттің саяси егемендігінен айы­рылуына әкеледі» деген ойды құптайтын­дардың қатарында Financial Freedom қоғам­дық қорының басшысы Расул Рысмамбетов те бар.
– Менің ойымша, ортақ валюта енгізу Қазақстан үшін автоматты түрде экономи­калық және қаржылық тұрғыдан тәуелсіздігін жоғалту дегенді білдіреді. Ортақ ақша айналымы қолданысқа енген 3-5 жылдан кейін мемлекет саяси тәуелсіздігінен де айырылады. Ортақ валютаға Ресейден басқа бірде-бір Одақ мүшесі келіспейді, – деген ол Ресейдің көздегенін өзінше топшылайды. – 2017 жылы Ресейдің экспорттық табысының 68 пайызы АҚШ долларында болған. Доллар, еуро және юань – әлдеқайда тұрақты валю­талар, сондықтан Ресей тұрақсыз рубльдің пай­дасы үшін тұрақты валюталар экспорты­нан бас тарта алмайды. Ортақ валютаны енгі­зу – Ресейдің Қазақстан, Беларусь, Қыр­ғыз­стан мен Арменияны ішкі экономикалық провинциясына айналдыруға деген талпы­нысы. Осылай Кремль өзінің келіссөздер позициясын нығайтып, елдеріміздегі ресей­лік компаниялардың ықпалын күшейткісі келеді. Одан ары Қазақстанның құрлық жол­дары арқылы Қытайдан Еуропа мен Иран­ға өтетін транзитке ықпал етуге тыры­суы мүмкін. Аталған қадамдар экономикалық жағынан негізсіз, тек ішкі саяси мақсатта қолға алынады деген жорамал бар.
Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Әлкей Марғұланның ойынша, сарапшылардың ортақ валюта жобасынан саяси астар іздеуіне негіз бар.
– Әлемде экономикалық мақсаттан бас­талған бірлескен интеграциялық құрылым­дардың уақыт өте келе саяси мүддеге ұла­сатынына жиі куә болып жүрміз. Ортақ сауда кеңістігінен ортақ валютаға өту бірлескен интеграциялық құрылымға мүше әр мем­лекеттің тәуелсіз позициясының, жүргізіп отырған монетарлық, қаржылық саясатының мұқият саралануын талап етеді. 2015 жылы құрылған, енді ғана 4 жылдығын қоры­тындылаған Еуразиялық экономикалық одаққа мұндай қадамға бару ерте. Одақ мемлекеттерінің арасында өнеркәсіптік, өндірістік кооперация жеткілікті деңгейде дамымаған. Аталған мемлекеттердің әр­қайсына инвестиция құятын АҚШ, Еуропа мемлекеттері мен Қытай сияқты елдер бар. Сондықтан ортақ валюта құрардың алдында әр мемлекет өзінің негізгі сауда серіктесі саналатын елдермен бұл мәселенің саяси астарын, геосаяси мүдделердің қақтығыс­пауын ойластыруы қажет деп ойлаймын. Ортақ валюта енгізілсе, Қазақстанның экономикалық, қаржылық тәуелсіздігіндегі өкілеттік жоғарғы орган еншісіне беріледі. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етпей қоймайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Армения мен Қырғызстан қай ел көбірек көмек көрсетсе, сол елдің сөзін сөйлейді. Сондықтан мұнда негізгі пікірді Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері айтуы керек, – дейді ол.

Динара ТІЛЕУБЕК

Дереккөз: Айқын