Ортақ валютаға енсек, теңге жойыла ма?

0

Кеше Ресей үкіметінің қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев алдағы үш жылда Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валютаға ену процесін жеделдету керектігін баса айтты. Моисеевтің пайымдауынша, ортақ валютаға ену Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларус, Армения елдерін экономикалық қиындықтан алып шығады. «Ортақ ақша одақтың келісіміне сәйкес 2025 жылдары толық іске қосылып, емін-еркін айналымға шыға бастағаны жөн» деді Алексей Моисеев.

Ал енді бұл бастама расымен де тиімді ме? Ортақ валютаға енетін болсақ, ұлттық теңгеміздің тағдыры қандай болмақ? Еуразиялық экономикалық одақты ортақ валюта құтқара ма? Бұған сенімді болу керек пе? Біз осы сауалдарды отандық экономика саласының мамандарына қойып көрдік.

 Алдымен теңге жайында..

Ортақ валюта мәселесі көтеріле қалса болды, қарапайым көпшілік «теңге жойылады. Оның орнын басатын жаңа ақша шығады» деген ойларға ерік береді. Бұл арада экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың пайымдауынша, ортақ валютаға ену жүйесі ерте ме, кеш пе орын алатын нәрсе. Бірақ бұл арада «ұлттық валютамыз теңге жойылады» деу орынсыз.

«Ұлттық валюталар  ішкі сауда-саттықтағы өтем құралы ретінде пайдалануда қалады. Қарапайым халық ішкі нарықта сол бұрынғысынша теңгемен сауда-саттығын жасай береді. Бұл арада «теңге жойылады екен, ортақ валютаға енсек, ұлттық валюта болмайды екен» деп дабыра тудырудың еш қажеті жоқ. Меніңше, «жаңа ортақ валюта ұлттық валюталардан жоғары тұратын, халықаралық сауда-саттықтың өтем құралы және ұлттық қазыналарда сақтауға болатын сенімді құнды қағаз ретінде өмірге келеді» дегенге көбірек сену керек. Сонда әр ел экономикасының тамыры саналатын өздерінің ұлттық валюталарын сақтап қала алады. Жалпы, ортақ валюта турасында сөз еткенде «2020-2025 жылдары Еуразиялық экономикалық одақ аясында  долларды жаңа валюта алмастыру тиіс» деп әлдеқашан жоспарланған болатын. Мұның басты себептерінің бірі – АҚШ-тың сыртқы қарызының өсуі, айналымда артық доллардың тым көбейіп кетуі және басқа дүниелер. «Егер ортақ жаңа валюта айналымға енсе, одақ аясына біріккен елдердің жалпы ішкі өнімі көтеріледі» деп болжануда. Негізінен, қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта жүйесіне ену қазір қызу талқыға түсіп жатыр. Біреулер одақ аясында ортақ валюта рубль болады десе, енді бірі ол алтын деп аталады, — деп жүр. Қалай десек те, жаңа валютаға ену заман талабы. Сондықтан «ортақ валютаға енген тұста ұлттық валютамыз теңге жоғалады. Барлығымыз бірдей ортақ валюта ұстаймыз» деу орынсыз. Мұның барлығы әр елдің ұлттық валютасын тұрақтандырып, қазынадағы жиған қорына деген сенімділікті күшейту үшін туындап отырған жайттар»,- дейді ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Дегенмен, айдың екі жағы болатыны тәрізді бұл мәселенің де дұрыс және бұрыс тұстары баршылық екен.

Дұрысы

«Барометр» талдау-сараптамалық орталығының сарапшысы Дәурен Арынның айтуынша, ортақ валютаға енудің өзіндік тиімді тұстары бар. Сарапшының байыптауынша, қазір біз үшін АҚШ валютасына тәуелді болудан гөрі осы жолды таңдаған тиімдірек.

«Қазір АҚШ-тың қаржы жүйесі ешқандай қаржылық құндылықпен қамтамасыз етілмеген 500 трлн долларды әлемдік айналымға шығарып жіберді.  Мұндай қаржыны бірден айналымда игеру мүмкін емес. Әрбір елдің ұлттық валюталарының құнсыздануына  мұнай бағасынан бөлек осы үрдіс те әсерін тигізіп отыр. Сондықтан доллардың бір бөлігін аймақтық ортақ валюталарға алмастырып, осы арқылы доллардың құнын мейлінше түсіруді ойластырған жөн. Интеграциялық үдеріс жеделдеу үшін ортақ валюта бізге керек. Еуразиялық экономикалық одақ аясында доллармен есеп айырысудың аса қажеттілігі жоқ. Сондықтан одақ аясында долларды қолданыстан шығара алсақ бұл дұрыс. Қазір біздің ұлттық қорымыздың 60 пайызы доллармен жинақталып отыр. Міне, бізге осы 60 пайыздың көлемін төмендету керек. Керісінше, оның орына одақ аясында қолданысқа енуі мүмкін ортақ валютаны енгізсек, сол сенімдірек болады. Ортақ валютаны айналымға енгізу аса қиын дүние емес. Әр мемлекет Ұлттық қорындағы доллардың массасын азайтып, оның орнына ортақ валютаны сала бастаса болды, бұл мәселе өзінен өзі шешіле бастайды. Сондықтан болашақта экономикалық тұрақсыздықтан, ұлттық валютаның құнсыздануынан қашу үшін мұндай қадамға барған дұрыс»,-дейді сарапшы Дәурен Арын.

Сарапшының пайымдауынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енер болса, бұл одаққа енген елдер арасында тепе-теңдік туғызады. Ортақ валюта бағамы барлық мемлекетте бірдей болғаннан кейін инфляция қайта-қайта «секіріс» бермейді. Ұлттық қорға деген сенім артады. «Экспорт-импорт қатынасында да баға тұрақтылығы орнап, сенімділік пайда болады. Сондықтан мұны қолдау керек»» дейді маман.

Бұрысы           

Ал қаржыгер Арман Мусиннің пайымдауынша,  инфляция өлшемдері мен экономикалық түсім мәселесінде бес елдің арасында тепе-теңдік болмай жатып ортақ валюта жүйесіне енеміз деу дұрыс емес.

«Ортақ валюта болуы үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы елдердің макроэкономикалық көрсеткіштері тең болуы керек. Инфляциялық деңгей, мемлекеттік бюджет, ақша-несие саясаты, олардың пайыздық үстемесі, салықтар, валюталық заңдар барлығы бірдей болуы тиіс. Ал бұл арада бес ел бес түрлі заң ұстанып отыр. Осының барлығын нақты бір бағытқа қою керек. Мысалы Ресейге қарсы Батыс санкция салып еді, жағдайы не болды?! Экономикасы мұнайға ғана байланып тұрған елдер Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізудің алдында дұрыстап ойнауы тиіс. Мұның барлығы Ресейдің ойлап отырғаны. Экономикасы тұрақсызданып, рублі құнсызданып, санкция қысып бара жатқан Ресей қазір осылай тығырықтан шыққысы келеді. Бірақ қазір Ресейді ешқандай жаңа ақша құтқармайды. Одаққа мүше елдердің экономикалық қарқыны бірдей болмай, ортақ валютаға ену дұрыс емес. Экономикалық тепе-теңдік болмаса, ортақ ақшаның жұмыс істеуі қиын. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикалық жағдайының әртүрлігінен-ақ мұндай ортақ валютаға енудің дағдарыстан құтыла алмайтынын түсіне беруге болады. Сондықтан бұл арада Ресей айтты, біз көндікке салынудың еш қажеттілігі жоқ. Алдымен ойлану керек. Экономиканы толық зерттеп алмай, ортақ валютаға асығыс енуге болмайды »,-дейді қаржыгер Арман Мусин.

Қарлығаш Зарыққанқызы

«Қамшы» сілтейді