Орталық сайлау комиссиясы журналистермен енді «басқаша» сөйлеседі
Қысқа сілтеме алу
БАҚ кезектен тыс президент сайлауына қатысты сұрақтарын жазбаша түрде Орталық сайлау комиссиясына жолдауы тиіс
НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Бүгіннен бастап орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ өкілдерімен жаңа форматта жұмыс істейді. Енді журналистер сайлау туралы өзін мазалаған сұрақтардың жауабын ОСК-ға жазбаша сауал жолдап қана барып ала алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының кез келген мүшесі әр отырыстың соңынан кейін БАҚ алдына шығып, журналистердің кез келген сауалына жауап беретін еді. Енді бұлай болмайды. Кез келген БАҚ кезектен тыс президент сайлауына қатысты сұрақтарын алдын ала жазбаша түрде Орталық сайлау комиссиясына жолдауы тиіс. Содан кейін ОСК мүшелері жиналып, әр сұрақты жеке-жеке талдап, талқылап, жауабын айтады.
Президент сайлауына кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы жарияланды
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев ОСК алқалы орган екенін журналистердің есіне тағы бір мәрте еске салды.
«Оның шешімдері міндетті және нормативті сипатқа ие болуы үшін ол комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылдануы керек. Комиссияның бірде бір мүшесі отырыста талқыланбаған мәселе бойынша ОСК атынан түсініктеме беруге құқығы жоқ», — деді Имашев.
Оның айтуынша, ОСК мүшесі бүкіл алқалы орган үшін жауап бере алмайды, тек өз пікірін ғана айтуы мүмкін. Осыдан кейін ОСК қиын жағдайға қалып жататын көрінеді.
«ОСК алқалы орган екенін естен шығармайық. Құқықтық позициялар бойынша біз барлығымыз теңбіз», — деді ол.
Осыдан кейін Имашев комиссия мүшелерінен сайлау туралы конституциялық заңның нормаларын қатаң басшылыққа алуды өтінді.
sputniknews.kz