Орталық сайлау комиссиясы Әміржан Қосановқа қатысты мәлімдеме жасады

0

ОСК Қазақстан президенттігіне кандидат Әміржан Қосановты барлық талапқа сәйкес келеді деп тапты

«Ұлт тағдыры» қозғалысынан Қазақстан президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов ҚР Конституциялық заңындағы барлық талапқа сәйкес келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

2019 жылдың 29 сәуірінде лингвистикалық комиссия Әміржан Қосанов қазақ тілін еркін меңгергенін растады.

«ОСК жергілікті сайлау комиссияларына Қосановқа Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты қолдау үшін қол жинау парақтарын беруді тапсырды», — деп жазылған хабарламада.

Әміржан Қосанов туралы не білеміз?

1964 жылы Қызылорда облысы Сапақ ауылында дүниеге келген. Белгілі саясаткер. Негізгі мамандығы журналист. 1994-1997 жылдары Әкежан Қажыгелдин басқарған үкіметтің баспасөз хатшысы болды. 1998 жылы Қажыгелдин басқарған Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, 2005 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2009 жылы ЖСДП мен Азат партиялары қосылды. Ол осы бірігуге атсалысып, партия басшылығында болған тұлғаның бірі. Дегенмен 2013 жылы партия ішінде іріткі болып, ол лауазымды қызметінен босады.

Ал былтыр мамыр айында «Жаңа Қазақстан форумы» қоғамдық ұйымы құрылды. Оған «Ұлт тағдыры», «Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры», «Болашақ» жастар қозғалысы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйым енді. Әміржан Қосанов та бүгіндері осы форумның мүшесі. Осылайша оппозициялық ұйымдардан көңілі қалған саясаткер соңғы кездері ұлтшылдар қатарына келіп қосылған.

sputniknews.kz