«Орталық Азия + Жапония Диалогы» форматында Қазақстанның алар орны айрықша
Биыл қаңтар айында Тәжікстанда өткен басқосудың нәтижелеріне сәйкес ұйымдастырылған осы жолғы Токиодағы кездесу барысында Орталық Азиядағы туризм саласын дамыту, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аймақтағы елдердің өзара ынтымақтастығын тереңдету, сауда және инвестициялық салалардағы әріптестікті нығайту сияқты мәселелер сөз болды.
Тараптар Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы аталмыш салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған кешегі кездесу мен осы жылы өткен эксперттердің төртінші жиыны және бизнес саласындағы екінші басқосудың нәтижелеріне сүйене отырып диалогқа қатысушы елдердің сыртқы істер министрлерінің Душанбе қаласына жоспарланған жетінші жиынын өткізуге дайындық жұмыстарын бастауға келісті.
Осылайша, аталмыш формат аясында бүгінге дейін Орталық Азия елдері мен Жапонияның сыртқы істер министрлері алты рет, министрлердің орынбасарлары деңгейіндегі аға лауазымды тұлғалары он үш рет, эксперттер деңгейінде төрт рет, бизнес саласында екі рет, ал Токиода өтетін «Интелектуалды диалог» он бір рет ұйымдастырылды.
Айта кететін бір жайт, Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған осы көпжақты әріптестік форматы жапон үкіметінің ұсынысымен құрылған болатын.
Орайы келгенде атап өтсек, жапон тарапының ондай ойының жүзеге асуына Қазақстан үлкен үлес қосты. Дәлірек айтсақ, 2004 жылғы тамыз айында Жапония сыртқы істер министрі Йорико Кавагучи Қазақстанға сапар жасаған күні сол кездегі ҚР сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы өз әріптестерін Астанаға шақырып, жапон тарапының ұсынысын бірлесіп қабыл алуды үйлестірген еді.
Қазақстан тарапының тікелей араласуымен ұйымдастырылған Орталық Азия мемлекеттері мен Жапонияның сыртқы істер министрлерінің сол күнгі басқосуы Токионың аймақтағы елдермен көпжақты қарым-қатынастарын жандандыруды қамтамасыз етуге бағытталған өңірлік дипломатиясының тариxи тұсы болды деуге әбден болады.
Азиядағы АҚШ-тың ең сенімді одақтасы болып табылатын Жапония үкіметінің Вашингтонмен пысықтап жүргізіп отырған Орталық Азия аймағындағы сыртқы саясатының басты бағыттары екі үлкен геосаяси факторға негізделіп отырғанын атап өткеніміз жөн.
Біріншіден, аймақтағы мемлекеттер арасындағы интеграциялық процестер мен өзара ынтымақтастықтың тереңдеуіне қолдау көрсетіп, сол арқылы бұл елдердің Ресейге тәуелділігін азайту болса, екіншіден, қарқынды дамып келе жатқан Қытайдың Орталық Азия аймағындағы саяси-экономикалық ықпалының тым күшейіп кетпеуіне тосқауыл болу.
Қытай мен Ресей үлкен рөл ойнайтын 1996 жылы құрылған «Шанxай бестігі» ұйымына Өзбекстан қосылғаннан кейін аталмыш ұйым 2001 жылы Шанxай ынтымақтастық ұйымы болып қайта құрылып, жиырма бірінші ғасырдың басында пайда болған ең ірі xалықаралық және өңірлік ұйымның ықпалы күшейе бастағаны жапон үкіметін асықтырғаны жасырын емес.
Ал Орталық Азияның көшін бастап тұрған Қазақстан үшін әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің бірімен көпжақты әріптестіктің бұндай форматын орнату президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты мен көпқырлы дипломатиясына толықтай сай келіп отырғандықтан Қазақстан тарапы бұл форматтағы диалогты барынша қолдап, оның ең белсенді мүшелерінің бірі болып отыр.
Алайда, аталмыш форматқа қатысты сөз болғанда айтпай өте алмайтын мәселелер де жоқ емес.
Бастапқыда бес ел арасындағы әріптестікті тереңдетуге қолдау көрсетуді көздеген және дәл сол мақсатта осы форматты ұсынған жапон тарапы әлі күнге дейін диалог аясындағы кездесулердің күнтәртібі мен мазмұнын тараптар қанағаттана алатын дәрежеде жасақтай алмай отырғаны ең үлкен мәселе болып отыр десек ақиқатқа қарсы шықпаспыз.
Қарапайым тілмен айтқанда, Орталық Азияны Қытайдан қызғанып отырған жапон үкіметі аталған аймақтағы өзінің саяси-экономикалық мүддесін стратегиялық және тактикалық тұрғыдан қалыптастыра алмай отыр десек қателеспейміз.
Жапония үкіметінің дамушы елдерге қатысты жүргізіп келе жатқан сыртқы саясатының ең тиімді тетігі болып табылатын Дамуға арналған ресми көмек бағдарламасы (ODA) Орталық Азия аймағындағы дипломатиясының негізгі құралы болып табылатыны белгілі. Ал бұл құрал қолданылмай қалған жағдайда қандай саясат жүргізу керек екеніне байланысты жапон үкіметінің Орталық Азия аймағына қатысты нақты саяси-экономикалық стратегиясы бар деп айта алмаймыз.
Мысалы, елдің экономикалық даму деңгейінің жоғарылауына байланысты 2010 жылдардан бері ODA бағдарламасы бойынша қаржылай көмек алатын елдер қатарынан шыққан Қазақстанға қатысты Токионың саясаты қандай болу керек екенін өкінішке қарай ешкім басып айта алмай отыр.
Жапондық саясаткерлер арасында Қазақстанмен қатынастарды жандандыруды жақтайтындардың саны жоқтың қасы болса, Жапония сыртқы істер министрлігіндегі біздің елмен айналысатын бөлімше Ресей мен Орталық Азия елдеріне жауапты жалпыға ортақ мамандардан құралған. Ал екі елдің сауда-экономикалық салаларына қатысты сұрақтарды қарастыратын жапондық құрылым мен оның құрамы жиырма жылдан бері қатты өзгере қойған жоқ.
Осыдан-ақ, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың «стратегиялық әріптестігі» сол деңгейге лайықты өзара саяси-экономикалық ықпалдастықтың шынайы көрсеткіші емес, дипломатиялық тұрғыдан қабылданған декларативті атаудан аса алмай отырғанын аңдауға болады.
Әрине, Жапонияның түрлі үкіметтік бағдарламалары аясында Қазақстан бүгінге дейін біраз мөлшерде қаржылай және теxникалық көмек алып келеді. Оған тиісті деңгейде баға беріп, жапон үкіметі мен xалқына ризашылық білдіру артық болмас.
Екі елдің xалықаралық аренадағы ресми ұстанымдары да бір-біріне өте жақын. Мәдени-гуманитарлық, білім және ғылым салаларындағы байланыстар да тұрақты дамып келеді.
Бірақ, Жапониямен әріптестіктің бұндай деңгейіне Қазақстан ғана емес, аймақтағы әрбір мемлекет екіжақты қарым-қатынастар аясында қол жеткізіп отыр. Яғни, Жапониямен өзара ықпалдасуда өңірдегі әл мемлекет өз мүддесіне сай іс-қимыл жасап келе жатыр және ондай екіжақты әріптестікті тереңдетуге «Орталық Азия + Жапония Диалогы» форматы үлкен үлес қосып отыр деп айту қиын.
Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара тығыз қарым-қатынастар мен аймақтағы әр елдің Жапониямен екіжақты достық байланыстарын жоққа шығара алмаймыз. Ол көптеп құптайтын жағдай. Аталмыш формат аясындағы әр деңгейдегі әрбір жиын жылы өтіп, қай кездесу болмасын қимай қоштасумен аяқталып жататыны да сондықтан. Ләйім сола болғай деп тілейміз.
Дегенмен, Жапониямен қарым-қатынастар саласында осы елден инвестиция тарту және теxнологиялар трансферті сияқты «көзге көрінетін» қаржы-экономикалық әріптестікті басты орынға қойып отырған Орталық Азия мемлекеттері мен «өңірдегі елдердің ортақ мүдделеріне қолдау көрсетуді» мақсат тұтқан және сол тұрғыдан өзін «котализатор» деп атап жүрген жапон тарапының арасында ең алдымен дәл осы ұғымдарға қатысты түсінбеушіліктің терең екеніне куә боп келеміз.
Құрылғанына он бес жыл толайын деп отырған осы көпжақты формат аясында осы күнге дейін Жапонияның араласуымен Орталық Азияда тым болмаса бір проблеманың шешімі табылды деп айта алмаймыз.
Оның үстіне, бауырлас елдер арасында жапондар араласпаса шешілмейтін проблемалар бар деп те айтуға болмайды.
Көршілес ел, көрші жұрт болғаннан кейін туындап жататын мәселелердің қайсысы болмасын қандай да бір «котализатор» елсіз-ақ өзара шешіп алуға Орталық Азия елдерінің дипломатиялық тәжірибесі де, саяси ерік-жігері де жетіп жатыр деп кәміл сенеміз.
Мәселен, аталмыш формат аясындағы кездесулер болсын, Орталық Азия аймағына қатысты басқа да жиындар барысында жапондық эксперттер өңірдегі ең үлкен проблемалардың бірі ретінде трансшекаралық өзендер мәселесін көтеріп, аймақта ауыл және мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған су тапшылығы жайлы жиі сөз қылады.
Бірақ, мәселені шешу жолына қатысты нақты ұсыныстар айтылмайтын немесе ұсынастар айтылған күннің өзінде нақты іске жалғасып жатпайтын жиындарда Орталық Азия елдерінің өкілдері өңірлік проблемалар жайлы сөз қылғанымен кездесу нәтижелерінен көп үміт күтпейтінін мойындауымыз қажет.
Сондықтан Токио бастап, Астана қолдап, қалған елдер қостаған «Орталық Азия + Жапония Диалогы» форматының бүгінгі таңдағы деңгейі де, келешектегі жағдайы да ең алдымен осы форматтың авторы болып табылатын тікелей Жапония үкіметіне байланысты болып отырғаны сөзсіз.
Орталық Азия мемлекеттерінің Қазақстаннан басқасы Жапониядан жоғарыда аталған ODA форматы бойынша қаржылай көмек алуға мүдделі екенін және ең алдымен жапон тарапының сондай көмегін алу үшін өзара бәсекелес елдер болып табылатынын ескере отырып, өңірлік әріптестік пен интеграциялық үрдістердің көшбасшысы болып есептелетін біздің ел аталған диалогтың күнтәртін құрып, мазмұнын толықтыруға өз үлесін қосу керек деп ойлаймын.
Қазақстан мен Жапонияның екіжақты ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, екі ел арасындағы «стратегиялық әріптестікті» атына сай жандандыратын кез келді.
Мысалы, ODA форматы бойынша дамушы елдерге көмек көрсетуге қатысты міндеттемелер алып, осы саладағы тетіктерді енгізуге мүдделі боп отырған Қазақстан үшін аталмыш саладағы тәжірибесі бай Жапониямен бірігіп қимылдап, аймақта бірлескен жобалар жүргізуге талпыныс жасап көретін шақ келді деп өз басым сенемін.
Экономикалық тұрғыдан әлемнің ең дамыған елдерінің бірі Жапониямен екіжақты алыс-беріс деңгейінен асып, мүмкіндіктерді біріктіріп, екі елдің ғана емес, өңірдегі басқа елдердің де сұранысын қанағаттандыра алатын бірлескен жобалар жасау Қазақстан мен Жапонияның мүдделеріне ғана емес, «Орталық Азия + Жапония Диалогы» форматының бастапқы мақсатына да сай екені сөзсіз.
Батырxан Құрмансейіт, жапонтанушы
Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін