Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары АҚШ президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.
Бұдан бөлек, пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.
Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.