«Орны толмас қайғы»: Ішкі істер министрі Алматыда қаза болған екі полицей туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы блок-бекетте қаза болған полицейлер жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Қайғылы жағдайда қаза тапқан полицейлер төтенше жағдайдың ерекше режимінде 2 айдан астам уақыт жұмыс істеді. Олар күнделікті қызметтерінде карантиндік шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласының патурльдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте ынталандырылды, оның ішінде ведомстволық наградалар алды. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер әрі үлгі бола білді. Жарас Жанғазиев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге жақсы әке еді. Оның артында екі қызы мен үшінші сәбилерін күткен жары қалды», — деді министр.

Бұған қоса ол екі полицейдің үздіктердің қатарында болған қызметкер болғанын атап өтті. 

«Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 4 жылдық қызмет жолында өзін жауапкершілігі мол, ұстанымы берік әрі тыңғылықты орындаушы қызметкер ретінде көрсете білді. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерді және бір ай бұрын ғана қызы дүниеге келген болатын. Өкінішке орай, қайғылы оқиға олардың өмірін қип кетті. Екі қызметкер де үздіктердің қатарында еді және отанымызға әлі де көп еңбек сіңіре алатын. Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы олардың туған-туыстарымен бірге аза тұтады. Барлығымыз үшін бұл орны толмас қаза болып отыр», — деп қотсы Тұрғымбаев.

Еске салайық, бұған дейін мас жүргізуші Алматыдағы блок-бекетті бұзып өтіп, көліктегі екі полицейдің өліміне себеп болғаны жайлы айтылған еді. 
 

stan.kz