Орденінен айрылған шенділер

0

Кешелі-бүгін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бірқатар қазақстандықтар түрлі дәрежедегі ордендермен, мерейтойлық медальдармен еленіп жатыр. Тіпті «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалын дайындауға 123 900 000 теңге жұмсалғаны белгілі болды.

Осы орайда kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап ондай марапаттардан айрылып қалу мүмкін екенін де ескертеді.

«Мемлекеттік наградалардан айыруды наградталушы қылмыс жасағаны үшін соттың ұсынуы бойынша заң негізінде сотталған жағдайда ҚР Президенті жүргізеді. Мемлекеттік наградалардан айыру олардың және құжаттардың ҚР Президентіне қайтарылуына әкеп соғады», – деп жазылған электрондық үкімет алаңындағы «Мемлекеттік марапаттар туралы» заңына сілтемеде.

Алайда заңсыз сотталған және толық ақталған азаматтардың мемлекеттік наградаларға құқығын сот шешімі бойынша ҚР Президенті қалпына келтіре алмақ.

«Құрмет» иелеріне жақпады

Осы орайда 2015 жылы 10 жылға сотталып, көп ұзамай белгілі бір шектеулермен босап шыққан бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметов сот шешімімен «Құрмет» орденінен айырылғанын еске салғымыз келеді. Қызық сәйкестік, тура осы орден түрі кезіндегі Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаев, Мәжіліс депутаты Аманжан Рысқали, «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияев, оның қарамағындағы Қажымұрат Үсенов, Павлодар облысының ескі әкімдері Ерлан Арын мен Болат Бақауов, қазір шетелде қашып жүрген Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков, атақты шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешев, Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне жетекшілік еткен Мұрат Оспанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетін тізгіндеген Сақташ Хасенов сияқты сотталғандардан мемлекетке қайтарып алынды. Ерлан Арын оның үстіне «Парасат» орденінсіз қалды.

Орден ойыншық емес

Қорғаныс министрінің экс-орынбасары Қажымұрат Мейірманов «Даңқ» орденіне, тура осындай лауазымда істеген тағы бір қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеев «Даңқпен» қоса 2-дәрежелі «Айбын» орденіне, генерал-майор шеніне лайық болмай шықты.

Сыртқы түрі бойынша ҚР мемлекеттік наградаларына ұқсастығы бар ордендер мен медальдарды, омырауға тағатын белгілер мен олардың құжаттарын, сондай-ақ Құрмет грамотасын тағайындауға және дайындауға тыйым салынады. Орден, медаль және ҚР құрметті атағының омырауға тағатын белгісін сатып алу, сату, айырбастау немесе өзгедей өтеулі негізде беру, сондай-ақ мемлекеттік наградаларға қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер жасау заңда белгіленген жауапкершілікті көздемек.