Ораза айында қаздырмаймын: Тергеуші анасының рұқсатынсыз марқұмның қабірін қазбақ болған
Алматы облысында тергеуші мәйітті рұқсатсыз қазбақшы болды. Ал, марқұмның жақындары бұған жол бермеді. Айтуларынша, 17 жаста бақилық болған ұлдарының денесін эксгумациялау, олардың келісімінсіз жүргізілмекші. Марқұм Нұрдәулет Бұрышбайды биыл қаңтарда бір топ жігіт соққының астына алған. Алған жарақатынан бозбала жан тапсырған көрінеді. Қара жамылған отбасы кінәлілердің бостандықта жүргенін айтып шағымданды. Ұзынағаш ауылына барып қайтқан әріптесім Әсем Лесбек толығырақ баяндайды. Бұл туралы KzNews ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қанды оқиға осыдан 4 ай бұрын болған. Марқұм Нұрдәулет Борышбай күндіз үйінен достарына кеттім деп шығып кеткен. Жақындарының айтуынша, тал түсте оны біреулер ұрып-соққан. Қатты соққыдан басында ісік пайда болыпты. Бірақ марқұм болған жайтты жақындарынан жасыруға тырысып баққан көрінеді.
Ұлжан ӘБДІРАХАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУҒАН ӘПКЕСІ:
Жатқызып алып, шынтақтарымен қабырғасынан ұрған екен. Оның бәрін свидетель балалар айтып берді. Бауырымның басынан тебеді. Үйге келеді ешқандай бетінде бір сызаты жоқ. Бала 22-сі күні құлайды. Аяқ астынан. Сөйтсе басындағы гематомасы болған екен.
Ауруханаға жеткізілген бозбала жеті күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, артынша жан тапсырған. Сол күні ғана туыстары құзырлыларға арызданыпты.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Марқұмның жақындары төрт айға жуық уақыт жүргізілген тергеу ісі еш нәтиже берген жоқ деп отыр. Тіпті іс кері бұрмаланып барады дейді. Сондықтан тергеушілердің мәйітті мазалауына мүлдем жол бермейтіндерін жеткізді.
Шолпан ӘБДІРАХАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Жоқ мен қайтадан қаздырмаймын, мына ораза айында мүлде қаздыруға болмайды. Тып-тыныш жатқан жерінде жатсын. Оның бәрі сол тергеушінің кінәсі. Ұрып-соққан балалар енді сотталсын, жазалансын. Ешқандай жақсылық көрмей кетті.
Анасының айтуынша, тергеушілер бұған дейінгі сараптамалардың қорытындысынан тиісті шешім шығара алмаған. Сондықтан мәйітті қайта қазу туралы шешім шығарған. Жақындарының қарсылығына қарамастан, бүгін қабірге келіп, мәйітті алмақшы болды.
Тергеудің күрделенгеніне ашынған жақындары жағдайды аудандық Прокуратурадан білмекші болды. Ондағылар бұл жайттан хабарсыз болып шықты.
Ал Облыстық Полиция Департменті қабірді қайта қазу Прокуратураның келісімен қабылданды деді.
Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Кінәлілер анықталды. Сотқа дейінгі тергеу аясында екі медициналық сараптама тағайындалған болған. Екі жағдайда сараптама марқұмның қайтыс болған нақты себептерін көрсеткен жоқ. Қайтыс болған себептерін анықтау үшін Прокуратураның келісімімен эксгумация жасау қажеттілігі жайында шешім қабылданды.
Әйтсе марқұмның туыстары қабірді қайта қаздыруға жол бермеуге бекінген. Олар қылмыстық Істі Ел Президенті мен Ішкі Істер Министрі өз бақылауына алуын сұрайды. Өйткені марқұмды ұрып соққан күдіктілер қазір бостандықта жүр деді.
Ә. Лесбек