Орамал таққан сегіз шәкірт оқу жылы мектепке кіре алмады

0

«ХИДЖАБ ЕМЕС, КИМЕШЕК»

Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың әкесі Нұралы Шақкөзовтің мектеп жасындағы үш қызы жыл бойы сабаққа қатыспаған. Биыл бірінші сыныпты бітірген төртінші қызы ғана мектептен білім алған. Мектепке бармаған қыздар биыл 3, 6 және 7-сыныпты бітіруі тиіс еді. Шақкөзов үш қызын қаладағы №31 мектепке қанша рет апарғанымен, мектеп басшылығы сабаққа кіргізбей қойғанын айтады.

Орамал таққаны үшін жыл бойы мектепке кіре алмаған үш қыздың әкесі Нұралы Шақкөзов. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

Орамал таққаны үшін жыл бойы мектепке кіре алмаған үш қыздың әкесі Нұралы Шақкөзов. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

— Балаларым мектеп формасын бұзған емес. Ал олардың басындағы киімнің ешқандай дінге қатысы жоқ. Қазақстанда бекітілген 107-98 мемлекеттік стандартының бірінші тармағына сай, олардың ұлттық акссесуар – кимешекті киюге құқығы бар, — дейді Нұралы Шақкөзов Азаттық тілшісіне.

Шақкөзов айтып отырған 1998 жылы қабылданған «Ұлттық бас киімдер туралы 107-98 мемлекеттік стандартында» бөрік, айыр қалпақ, малақаймен бірге кимешек те ұлттық бас киім түрі ретінде көрсетілген. Бұған дейін кей ата-аналар білім және ғылым министрінің блогына хат жазып, мектеп стандартына ақ кимешекті енгізу туралы ұсыныс айтқан. Министрлік өкілдері бұл мәселені ата-аналар мен мектеп әкімшілігі бірігіп шешеді деп жауап берген.

Нұралы Шақкөзов жыл бойы мектепке бармаған үш қызына репетитор жалдап, негізгі пәндер бойынша үйде сабақ оқытқанын айтады. Оның сөзінше, қыздары мектепке бармаса да «оқу бағдарламасын меңгерген».

Оның айтуынша, кей ата-аналар мектеп талабына амалсыздан көнгенімен, орамалға қатысты ұстанымдарын мүлдем өзгертпеген.

— Былтыр қыс түскенше үйіме әкімдік адамдары, мешіт имамдары мен теологтар күн құрғатпай келіп тұрды. «Мектеп формасы туралы ережеге бағынбаған балаларын сабаққа күшпен кіргізбек болып, мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсетті» деп айыптап, мені үш тәулікке қамап та қойды. Былтыр әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-тармағымен («Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу») 12 мың теңге, биыл 50 мың теңге айыппұл салды. Осылайша Конституцияда кепілдік берілген құқымыздың бұзылғаны өз алдына, балаларымыздың тегін білім алу құқығы да аяқасты боп жатыр, — дейді Нұралы Шақкөзов.

«ОҚУШЫ МЕКТЕП ФОРМАСЫН САҚТАУЫ КЕРЕК»

Ақтөбедегі №31 мектеп директорының міндетін атқарушы Шолпан Жиенмурзина «мектеп формасын сақтамағандықтан» оқудан қалған балалардың ата-анасы мектеп формасы жайлы талапты сақтауға әлі көнбей отырғанын айтады.

— Мамырдың 18-і күні ол балалардың үйін аралап, ата-аналарымен ортақ мәмілеге келмекке тағы да әрекет қылдық. Бірақ одан түк шықпады. Біз «бала орамалын шешіп, мектепке келсін» дейміз. Олар бұрынғысынша «орамалды шешпейді» дейді. Басы ашық бір нәрсе бар, сабаққа келмеген бала аттестатталмайды, — деді Шолпан Жиенмурзина Азаттық тілшісіне.

Облыстық білім басқармасы Қазақстан білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығын алға тартады. Аталған бұйрықтың «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деген талабын ұстанған педагогтар оқушылардың сабаққа орамалмен кіруіне тыйым салған.

Білім басқармасының дерегінше, қала бойынша «мектеп формасын сақтамаған» сегіз оқушы қыз 2018-2019 оқу жылында сабаққа мүлдем қатыспаған. Басқарма басшысы Ләззат Оразбаева бұл сегіз оқушының ата-анасымен мәмілеге келуге әзір екенін айтады.

Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бастығы. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бастығы. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

— Балалар қай кезде мектепке ораламын десе де біз дайынбыз. Жаз бойы негізгі пәндерден қосымша сабақ алып, күзде сынақ тапсырған жағдайда келесі сыныпқа көшеді. Бірақ мектеп формасын сақтауы керек, — дейді Ләззат Оразбаева.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, 2018-2019 оқу жылы басталған кезде облыс бойынша 300-ден аса оқушы мектепке орамалмен келіп жүрген. Басқарма өкілдері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде орамал таққан оқушылардың басым бөлігі мектеп формасын сақтай бастағанын айтады.

«РЕСЕЙЛІК ОНЛАЙН МЕКТЕПТЕН ДӘРІС АЛАМЫЗ»

Азаттық тілшісі сөйлескен Ақтөбе қаласындағы кей ата-аналар балаларының мектепте ғана орамалын шешіп жүретінін айтады.

Мерғали Тілепин, жергілікті тұрғын, Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

Мерғали Тілепин, жергілікті тұрғын, Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

— Мектеп жасындағы үш қызым оқу жылы басталған кезде 2,5 айдай сабаққа қатыса алмады. Қазір кимешектерін мектеп территориясынан тысқары жерде ғана киеді. Осылай етіп жүрген тек менің балаларым емес, мектеп ауласына дейін кимешекпен келіп, сабақ біткенше шешіп қоятын оқушы көп, — дейді балалары Ақтөбедегі №13 мектепте оқитын Мерғали Тілепин.

Гүлжан Сәбенова. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

Гүлжан Сәбенова. Ақтөбе, 27 мамыр 2019 жыл.

Ақтөбе тұрғыны Гүлжан Сәбенова бұрын қаладағы №23 мектепте оқыған үлкен қызының 2018 жылдың күзінен бастап ресейлік онлайн мектептен дәріс алып жүргенін айтады.

— Қызым алғашында қатты қиналып, жылап жүрді. Мектепке, сыныптас құрбыларына барғысы келетін. Оны «мектеп формасын сақтамады» деп сабаққа қатыстырмай қойғасын лажсыздан онлайн мектепте оқып жүр. Онлайн мектептің ақысы кез-келген ата-ана төлей алатындай арзан да емес. Бірақ басқа амалымыз жоқ, — дейді Гүлжан Сәбенова.

«СОТ БІРКЕЛКІ ШЕШІМ ШЫҒАРАДЫ»

«Орамал дауына» байланысты сотта ата-аналар құқын қорғап жүрген заңгер, бұрынғы судья Ағысбек Төлегеновтің сөзінше, мұндай даулы істі қараған кезде сот үнемі «біркелкі шешім» шығарады.

— Қазақстанда 1800 судья бар. Олар орамал дауына келгенде келісіп алған адам сияқты бәрі бірдей шешім шығарады. Яғни, азаматтардың талап-арыздарын қанағаттандырмайды. Ең болмаса бір судьяның шешімі өзгеше болса, күмән тумас еді, — дейді ол Азаттық тілшісіне.

Ақтөбе облыстық соты оқушы мен ата-ана «Білім туралы» заңның 49-бабына сәйкес міндетті мектеп формасы жайлы талапты, білім және ғылым министрлігінің міндетті мектеп формасы жайлы 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шығарған №26 бұйрығын орындауға міндетті дейді. Облыстық соттың дерегінше, 2018 жылы барлығы 37 оқушының «орамал дауына» байланысты 18 іс сотта қаралған. Оның 14-і мектеп пайдасына шешілсе, төрт іс шағым берушінің талап-арызынан бас тартуы себепті тоқтаған.

«Орамал дауымен» сотқа шағым бергендер арасында Ақтөбе қаласынан бөлек Шалқар, Ембі, Қандыағаш пен Хромтау қалаларындағы орта білім беретін мектеп оқушыларының ата-аналары бар. 2019 жылы «орамал дауына» байланысты сотқа шағым бергендер болмаған.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтар айында қабылданған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрық бұған дейін Қазақстаннның бірнеше өңірінде туындаған. Кей облыстарда орамал тартатын оқушыларды сабаққа кіргізбей қойған. Ондаған оқушының ата-анасы орамал тартатын балаларын сабаққа кіргізбеген мектепті сотқа берген. Сот білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Орта білім беретін мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге байланысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданған.

Azattyq