Оралдық келіншектің туыстары: Дені сау қыз бала тууы керек еді, бізге сәбидің өлі денесін берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Оралда 21 жастағы жүкті келіншек перзентханаға жеткізілген . Алайда дәрігерлер оған құрсағындағы сәбиінің шетінеп кеткенін айтыпты.

Оралдық келіншектің туыстары: Дені сау қыз бала тууы керек еді, бізге сәбидің өлі денесін берді

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой ГОРОД» порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Зарина Ахметқалиева 11 шілдеде перзентханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер сәбиінің құрсақта шетінеп кеткенін айтыпты. Келіншектің әпкесі Әдемі Аймурзинаның сөзінше, жүктілік кезінде қиындық болмаған. Сондай-ақ, талдау нәтижелері де жақсы болыпты. 

«10 шілдеде толғағы қысып, екі рет ауруханаға жүгінді. Алайда ондағылар ауруханаға жатқызудан бас тартып, жалған толғақ екенін айтты. 11 шілдеде түнгі сағат 4-те Заринаны жедел жәрдеммен алып барды. Бірақ дәрігерлер оны босану залына кіргізбеді. Ол кезде сіңлімнің жағдайы нашар болды. Жылап, дәрігерлердің келмей жатқанын айтты. Артынша дәрігерлер баланың жүрегі соқпайтынын айтқан. Қазір бәріміз еңсемізді көтере алмай отырмыз. Ол отбасымызда көптен күткен тұңғышымыз болуы керек еді. салмағы 3 700 грамм болатын дені сау қыз бала өмірге келуі тиіс еді. алайда бізге нәрестенің жансыз денесін берді», — дейді Әдемі Аймурзина.

Туыстары келіншектің құрсағындағы өлі сәбиімен 8 сағат жүруіне тура келгеніне ашулы. Зарина өлі нәрестені күндіз сағат 13:00-де өздігінен босанған.

«Біз дәрігерлерден ота жасап, нәрестенің өлі денесін алуын немесе толғақ шақыратын екпе салуын сұрадық. Алайда бас тартып, өзі босануы тиіс екенін айтты. Құрсағында өлі нәрестенің жатқанын білу жас келіншек үшін қандай күйзеліс екенін білесіздер ме? Ол жүктілігіне жауаптылықпен қарап, талдаулардың бәрін уақытылы тапсырды. Еш жерде есепте тұрған жоқ, ауырған емес. Ол есінен адаса жаздады. Наркоздың көмегімен ұйықтатып тастады. Дәрігерлер өз жұмысына салғырт қарады. Олар Заринаны перзентханаға түскен бойда босану залына жіберіп, тексеріп, тиісті талдауларды жасауы керек еді. Баланы құтқарып қалуға болатын еді. Заринаның сөзінше, ол перзентханаға жеткізілгенде, нәрестенің қимылын сезген», — дейді әпкесі.   

Ендігі туыстары кінәлілер жазалануы үшін барлық инстанцияға шағымданбақ ниетте. 

«Біз дені сау бала өмірге келеді деп күттік. Ал дәрігерлердің салғырттығынан қызымыздан айырылып қала жаздадық. Кінәлілер жазалануы тиіс. Біз шағымданып, тергеуді талап етеміз», — дейді анасы Күлән Аймурзина. 

Қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Наталия Кочегарова Заринаның жүктілігінің кезінде денсаулығына байланысты қиындықтар болғанын айтты. 

«Анықталғандай, оның несеп-жыныс жолдарында инфекция болған. Несеп талдауының қорытындылары да нашар. Сонымен қатар ол жүктілік бойы қынаптың қабынуымен ауырған», — дейді Кочегарова.

Сонымен қатар оның сөзінше, Зарина перзентханаға түскенде дәрігер оны тексеріп, нәрестенің жүрек соғысы жоқ екенін айтқан. Алайда дәл қазір оның себебін айту қиын, дейді. Нақты қорытынды сараптамалар нәтижесінде ғана белгілі болады. 

stan.kz