Оралдың тарихи келбетін қалай сақтап қалуға болады?

0

Қазір қаладағы орталық даңғыл Достық-Дружбаның ескі бөлігінде бірегей тарихи ғимараттар сақталған бірнеше квартал бар. Қала билігі бірнеше жылдан бері оны жаяу жүргіншілер жүретін алаңға айналдырамыз деп келеді. Бірақ ол жерден әлі күнге дейін көлік көп өтеді.

400 жылдық тарихы бар Оралдың «көргені көп»: казактар көтерілісі, Пугачев көтерілісі, азаматтық соғысты бастан өткерді. Бірнеше рет үлкен өрт болды, ағаштан салынған қала тып-типыл болып жанып кетті.

Карев көпесінің үйі - Оралдағы ірі тарихи ғимараттардың бірі. 8 қаңтар 2019 жыл

Карев көпесінің үйі — Оралдағы ірі тарихи ғимараттардың бірі. 8 қаңтар 2019 жыл

​Тас ғимараттар 19-ғасырдың бірінші жартысында салына бастады. Құрылысты кәсіби әскери сәулетшілер бақылады. 1821 жылдан бері Оралды біртұтас бас жоспар бойынша салды. 20-ғасырдың басында тас үйлер, мешіттер, шіркеулер мен бульвары бар ірі қала құрылысы кешені қалыптасты.

Ескі ғимараттың бірінде халық музейі бар. Оның директоры Геннадий Мухинның айтуынша, «Старый Уральск» музейі өлкетанушылар, тарихшылар мен қала тарихына бейжай қарамайтын адамдардың басын қосқан. Олар уақыт өте келе бастамашыл топ құрды, архитектура ескерткіштерін сақтап қалу үшін билікпен өзара қарым-қатынас орнатуға тырысты.

"Старый Уральск" музейінің директоры Геннадий Мухин. 8 қаңтар 2019 жыл

«Старый Уральск» музейінің директоры Геннадий Мухин. 8 қаңтар 2019 жыл

Мухин тарихи ғимараттардың суреті салынған каталогты сүйсіне парақтап отыр.

«Қараңыз, мынау — көпес Лукановтың үйі, өте әдемі үй, қазірге дейін сақталған бельведері бар жалғыз үй, қалада өте сирек кездеседі. Қазір оны жауып қойды, ғимарат қирай бастаған. Мынау — татар мешіті, оны қалпына келтіріп, аман сақтап қалды. Ал мынау – ескі дәстүрлі шіркеу, оны жөндеу керек…» дейді.

Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасын сақтау жөніндегі қалалық инспекция дерегі бойынша, қазіргі кезде Оралда мемлекет қорғауына алынған 100-ден астам тарихи және архитектуралық нысан бар. Сарапшының айтуынша, “мемлекет қорғауында” деп айтылғанмен бұл шартты түрде берілген мәртебе, шын мәнінде тарихи ғимараттарды қираудан сақтап қала алмайды. Көбіне ғимараттардың алдыңғы бөлігіне ғана мән береді — сылап, бояп қана қояды.

Орал орталығындағы ескі арка

Орал орталығындағы ескі арка

— Арнайы комиссия құрайық, ескі үйлерді тексеріп, толық сипаттамасын жасап, рәсімдеп, қабырғалары құламас үшін, тым құрыса, жеңіл-желпі жөндеу жүргізсін деп ұсыныс жасадық. Бірақ мемлекет ақша бөлмейді, сондықтан демеушілер керек. Ойыңды билікке жеткізу де оңай емес. Қала әкіміне ұсынысымызды айтқанда, алдымен қоғамдық кеңеспен сөйлесіңдер деді. Ол жердегілер «бізге неге келдіңдер? Әкімге барыңдар» деп шықты, — дейді Геннадий Мухин.

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев қала мен облыс бойынша туристік сапарлар ұйымдастырады. Оның пікірінше, Оралдың туристік әлеуеті зор, бірақ қаланың тарихи келбетіне ешкім көңіл бөлмейді.

Ол әлеуметтік желіде 160 жыл бұрын салынған тергеу изоляторының ғимаратын музей жасауды ұсынған. Оның айтуынша, кезінде бұл абақтыда талай атақты адамдар: күйші Құрманғазы, украин ақыны Тарас Шевченко, қазақ ақыны Хамит Ерғалиев отырған.

— Бұл жайында ресми мәлімдеу үшін құжатпен дәлелдеу керек, оларды іздеу үшін уақыт керек. Бірақ басқа жерде отырулары мүмкін емес, Оралға қарауылмен келген танымал тұлғалардың бәрі осы тергеу абақтысына түскен. Жақында Достық-Дружба даңғылының ескі бөлігін жаяу жүргіншілер алаңына айналдыру жобасы талқыланды. Егер оны жүзеге асырса үйлерді сақтап қалуға да мүмкіндік туады, қазір ол жерде жүк тасымалы көп, көшедегі қозғалыс ескерткіштердің жағдайына да әсер етеді, — дейді Айболат Құрымбаев.

Ескі Орал

Ескі Орал

«АРХИТЕКТУРАЛЫҚ АПАТ»

— Заманауи Қазақстан үшін Орал қаласы Совет одағы кезіндегі Рига, Таллин мен Вильнюс сияқты батыс әлемінің элементтері бар қала болуы керек, — дейді Оралда туып-өскен петербургтік архитектор Рустам Вафеев.

Оның пікірінше, қазір ескі қаланың келбеті жойылған.

— Оралдың ескі көшелерімен серуендеп жүрген қазақстандықтар елдегі мультикультурализмді анық сезіне алады, ортағасырлық, ыстық Түркістан қаласы мен Пушкиннің қар басқан Оралы бірге жасап келеді. Бірақ Түркістанда соңғы он жылда тарихи мұраларды сақтап қалу ісі нақты қолға алынды, ал Оралдан оны байқау қиын. Ескі кварталдардың көбі “архитектуралық апатты” бастан өткерген. Тарихи ескерткіштердің көбінің сиқы кеткен, құлаған, пәтерлер қираған, құрылыс ауқымы мен стилистикасы бұзылған. Қалалық орта тез құлдырап барады, — дейді Вафеев.

1833 жылы ақын Александр Пушкин тоқтаған үй. Қазір музейге айналған. 8 қаңтар 2019 жыл

1833 жылы ақын Александр Пушкин тоқтаған үй. Қазір музейге айналған. 8 қаңтар 2019 жыл

Архитектордың пікірінше, тарихи орталықты сақтау мәселесі қала салу саясатының бір бөлігі ғана, ол үшін негізгі құжат – жерді пайдалану және қала салу ережелері болуы керек. Бұл құжатта тарихи орталықтағы құрылыс жұмыстары көрсетілуі керек.

— Менің ойымша, Орал билігінің қаланың тарихи бөлігін сақтауға қатысты әрекеті (немесе әрекетсіздігі) бір нәрсені көрсетеді: Қазақстанның ескі қалаларының тарихи келбетін сақтау сияқты күрделі әрі нәзік мәселені жергілікті билікке тапсыруға болмайды. Мемлекеттің командалық-әкімшілік ерекшелігін, аймақтарда білікті мамандар жоқтығын, жергілікті жерлерде қоғамдық бақылау тапшылығын есепке алсақ, мұндай мәселемен тек орталықтан айналысу керек. Мәдениет министрлігі мен құрылыс саласын тоғыстыратын арнайы мекеме құрған дұрыс еді, ол жоба мен бағдарламалар әзірлеп, соған қаржы тауып, бақылау жасауға тиіс. Оралға келсек, қаланың тарихи бөлігін сақтау және дамытуға қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Әйтпесе, ескі Оралдан айрыламыз, — дейді Рустам Вафеев.

Оралдың ескі бөлігіндегі аулалардың бірі

Оралдың ескі бөлігіндегі аулалардың бірі

ПӘТЕР МӘСЕЛЕСІ

Мемлекет қорғауына алынған Оралдағы тарихи үйлердің көбі жеке тұлғаларға тиесілі. Заң бойынша оларды иесі жөндеуі керек, ал олар ондай жұмысты сирек атқарады. Соның кесірінен, бірнеше пәтерге бөлінген көпес Рассохинның 150 жылдық тарихы бар үйі тұруға жарамсыз деп танылып, сүрілді. Оның орнына бес қабатты тұрғын үй салып жатыр.

Мемлекет қорғауындағы тағы бір ғимараттың тағдыры белгісіз болып тұр. 1891 жылы оған опера әншісі Федор Шаляпин түскен болатын. Қазір пәтер иелерінің пікірлері екіге жарылған: бірі үйді апатты деп танып, бұзса дейді, ал екіншілері оны бұзудың керегі жоқ, талай жылға төтеп береді деседі. Қазір екі жақ мәселені сот арқылы шешіп жатыр.

Оралдағы ескі қонақ үй

Оралдағы ескі қонақ үй

​Батыс Қазақстан облысының мәдени-тарихи мұрасын сақтау жөніндегі инспекцияның мәліметінше, ғимарат 70 пайыздан астам бүлінсе немесе тарихи-мәдени маңызын жоғалтса, тізімнен шығарылады.

– Мемлекет қорғауға алынған болса да жеке үйді жөндеуге қаржы бөлмейді. Адамдармен жұмыс істеп, бастама көтеріп, кондоминиум құрып, жөндеуге тырысып жатырмыз, бірақ адамдар үйге «ғимаратты мемлекет қорғайды» деген тақтайша ілінсе, оны бюджет есебінен жөндеуге болады деп ойлайды, — деді Азаттыққа мекеме өкілі.

Мемлекет қорғауындағы тарихи ғимараттардың бірі. Орал, 6 қаңтар 2019 жыл

Мемлекет қорғауындағы тарихи ғимараттардың бірі. Орал, 6 қаңтар 2019 жыл

Жақында қала орталығындағы тағы бір ескі үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамалары келмейтінін айтып, әкімдіктен оны сүруді сұраған. «Ескі Орал» музейінің директоры Геннадий Мухин кезінде генерал Мартыновқа тиесілі болған үйді бұзса, қаланың орталық бөлігіндегі келбетіне қатты зақым келеді деп санайды.

— Бұл үйлер мемлекетке тиесілі болғанда, қаржы бөлетін еді, ал қазір кімге керек? Тұрғындар жаңа пәтер алу үшін оны бұзғысы келеді. Ескі пәтерді өз ақшасына жөндеуге кім құлшынсын? Одан да оны апатты деп танып, мемлекеттен жаңа пәтер алғаны тиімді ғой, — дейді Мухин.

1868 жылы салынған Оралдағы алғашқы дәріхана орналасқан ғимарат. 8 қаңтар 2019 жыл

1868 жылы салынған Оралдағы алғашқы дәріхана орналасқан ғимарат. 8 қаңтар 2019 жыл

Көп жылдар бойы Орал архитектурасын зерттеп, оны сақтау үшін күресіп келе жатқан тарихшы Николай Осипов қаланың тарихи келбетін сақтап қалу мәселесінің шешілмегеніне қатты қынжылады.

– Тарихи ғимараттарды сақтаудың екі жолы бар. Ескі Оралдың келбетін тұтас сақтап қалуға болады, бұл көп қаржы мен мемлекеттік деңгейде қабылданған, ұзақ уақытқа арналған бағдарламаны талап етеді. Екіншісі – жекелеген кешендерді сақтап қалуға тырысу. Мысалы, облыс әкімі Алтай Кульгинов Достық-Дружба даңғылының тарихи бөлігін жаяу жүргіншілер аймағына айналдыруды ұсынды. Бірақ ол басты мәселені шешпейді, ғимаратты сақтау аз, оны қалпына келтіру керек. Оның бәрі тым қымбатқа түседі, — дейді тарихшы.

Осиповтың пікірінше, ғимаратты сақтауға адамдардың қарым-қатынасы да ықпал етеді, бірақ билік азаматтарды ынталандырмай отыр.

– Адамдар «19-ғасырдың ескерткіші» деген тақтайша ілінген үйде тұрса, оларға ескерткіштерді сақтау жөніндегі инспекция түрлі тыйымдар салып, жағдайды күрделендіреді. Ескерткіш бар, оны мемлекет қорғайды, ал оны сақтауға ынталандыру шаралары жоқ, — дейді Осипов.

Дереккөз: Азаттық