Оралдың бас дәрігері коронавирусқа сенбеген тұрғынның қалай көз жұмғанын айтты

0

Орал қаласында коронавирустан көз жұмған алғашқы науқас инфекцияға сенбеген. Карантинге жатқызғанда, наразылық білдіріп, тіпті дәрігерлерге тіл тигізген

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов коронавирустан қайтыс болған ер адам туралы айтып берді.

«Орал қаласында инфекциядан көз жұмған алғашқы науқас Теңізшевройлда жұмыс істеген. Оны оқшаулағанда қатты қарсылық білдірген. Коронавирусқа сенбеді. Бас кезінде біз оны шипажайдағы карантинге жатқыздық. Сол жерде біраз наразылық білдірді. Ол ғана емес, басқалар да қарсы болды. Медбикелерге тәпішке лақтырды, тіпті, тіл тигізді. Айтпағаны жоқ. Бірақ медицина мамандары өз жұмысын атқарып шықты», — деді Қаюпов «Уральская неделя» басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ер адам карантиннен шыққан кейін де ешкімге сенбеді. Өзі коронавирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болған. Бірақ аурудың белгілері бірден байқалмады. Екі аптадан кейін дәрігерлер оны үйге жіберіп, қашықтан бақылап отырды.

«Үйде індет ушығып кеткен. Тыныс алуы тарылды. Дем ала алмай қалды. Оған дейін дәрігерлер қоңырау шалғанда, маған звондауды қойыңдар деп телефонын тастай салатын. Артынан жағдайы күрт нашарлап кеткесін, туған-туыстары жедел жәрдемді шақырды. Өкінішке қарай, біз оны құтқара алмадық, тым кеш болды, індет ушығып кетті», — деп атап көрсетті Қаюпов.

Облыстың бас дәрігері халық арасында скептиктер әлі де көп екенін айтып отыр. Олар коронавирусқа сенбейді, барлық ақпаратты фейк деп санайды.

«Ерте ме, кеш пе, әрбір адам инфекцияның не екенін түсінеді. Егер өз денсаулығымызға қазіргідей немқұрайлы қарай берсек, коронавирустың зардабы әрбір адамға тиеді. Ауруханалар толып тұр. Осындай жағдайда қалай сенбейсің?», — деп атап көрсетті Қаюпов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде адамдардың көзқарасы бірте-бірте өзгеріп келеді. Ауруханаға өз еркімен келетіндер көбейді. Стационарға отбасымен бірге келіп жатамын дейтіндер де аз емес.

sputniknews.kz