Оралда жүргізушілер шетелдік көліктерді тіркеу ережесін қайта қарауды талап етті

0

28 қаңтарда Оралда шетелден көлік алған жүз шақты азамат жиналды. Олар Армения, Қырғызстан және Ресейден әкелінген көліктердің утилизация алымы мен кедендік баж салығын азайтуды талап етті.

— Бізге көлікті кері Арменияға апару керек немесе бөлшектеп сату қажет екен, бұл мүмкін емес, — дейді Орал тұрғыны Арман Құлов.

Ол көлігін былтыр ақпан айында әкелгенін, бірақ «Еуро-4» стандартына сай келмейтінін айтады. Қазақстанда «Еуро-4» стандартына сай емес көліктер тіркелмейді.

— Екінші мәселе қазір автосалондарда сатылып жатқан ресейлік автокөліктер Қазақстанның техникалық талаптарына сәйкес келмейді. Сол көліктерді неге сатып жатыр? Ал бізді қыспаққа алады. Осы екі мәселеге биліктің ресми жауабын естігім келеді, — дейді ол.

Жүргізушілер Қазақстан билігінің шетелден әкелінген көліктерге арнайы сары нөмерлер беру бастамасы жайлы да айтты.

— Бізді сары не ақ деп бөлмесін. Біз бәріміз – Қазақстан азаматамыз, өзгелерден артық не кем емеспіз, — дейді Құлов.

Ол жиналғандар атынан биліктен шетелден алынған көліктерді Қазақстанда есепке қоюды немесе уақытша тіркеу мерзімін шектемеуді сұрайды.

Біраз уақыт өткеннен кейін жүргізушілер алдына облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин келді. Ол жиналғандар талабын тыңдады да, негізгі талаптарды жазбаша түрде беруді ұсынды.

— Бұл шараның ұйымдастырушысы бар. Одан барлық сауалдарды біріктіріп жазып беруді ұсындым, біз оны қараймыз, — деді Жаншин Азаттыққа.

Жиын шамамен 2 сағатқа созылды. Көлік иелері тарар алдында 2 ақпанда қайтадан жиналуға уағдаласты.

Қазақстанда шетелден әкелінген көлік иелерінің наразылығы қаңтардың ортасында басталған. Оған Ішкі істер министрлігінің Армения, Қырғызстан, Ресей және Беларусьте тіркелген көліктердің Қазақстанда қайта мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс екенін не шетелге қайта апарып сату туралы ескертпесі түрткі болды. Бұған дейін Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау, Шымкент, Семей, Петропавлда жүргізушілер бұл ескертпеге қарсы шыққан. Олар көлікті тіркеу құны машина бағасынан асып кететінін айтады. Билік тіркелмеген көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кетеді деп санайды.

Жүргізушілер талабынан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтарда шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді уақытша тіркеуге мүмкіндік берген. Тоқаевтың тапсырмасына сай, көліктерді тіркеу мерзімі 2021 жылдың 1 наурызында аяқталады. Оған дейін автокөлік иелері шетелден алған көліктерін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, кедендік баж салығы мен утилизациялық алымды төлеуі керек. Бірақ жүргізушілер бұл ұсыныс мәселені шешпейді деп санайды. Бұдан бөлек, үкімет шетелден алынған көліктерге сары нөмер бермек.

Azattyq