Оралда жаңа тұрғын үй мен спорттық нысан пайдалануға берілді
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін батысқазақстандықтар бірнеше қуанышты оқиғамен атап өтті. «Жастар» стадионында қала тұрғындары үшін сырғанау маусымы ашылса, кинотеатрлар «Елбасы жолы» фильмін көрермендерге ұсынды. Ең үлкен қуаныш Орал қаласында соңғы жылдары пайда болған «Көктем» шағынауданында болды. Мұнда 120 пәтерлік жаңа үй пайдалануға берілді.
Әсел Жағыпарова – жұбайы да, өзі де мемлекеттік қызметші. «Бүгін 3 бөлмелі пәтер алдық! Көріп шықтық, ұнады, жып-жылы, әдемі. 3 баламыз бар. Тұрғын үй кезегінде алты жыл тұрдық. Соңғы үш жыл бойы салым жинадық. Міне, енді өз баспанамызға қолымыз жетіп, қуанышымызда шек жоқ!» дейді ол.
Бүгін екі бөлмелі пәтер кілтін алған зейнеткер Рахиля Кәрімова бұл үйдің құрылысын салынып жатқан кезінен бақылап, қадағалап жүріпті. Сапасына көңілі толады екен.
— Біз де үш жыл бойы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» қаржы жинадық. Бүгін екі бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Пәтеріміз жылы әрі кең, — дейді Ләззат Молдашева.
— Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзіміз ел болып, өз Президентімізді сайлаған күніміз құтты болсын. Тұңғыш Президентіміз күніне орай Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жер» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша бүгін 120 пәтерді жаңа иелеріне — «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінің салымшыларына тапсырғалы отырмыз. Бұл жерде 6-7 жыл бұрын бір де бір үй болған жоқ еді, бос жатқан дала болатын. Қазір қараңыз, қаншама үйлер, мектеп, емхана, спорттық кешен салынды, жолдар төселіп, айнала абаттандырылды. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі. Еліміздің дамуына жасалып жатқан Елбасының еңбегі. Бүгінгі жетістікке көпұлтты халқымыздың бірлігінің арқасында жетіп отырмыз. Әрқайсымыз «Осы менің қалам, осы менің елім» деп еңбек етсек, биікке көтеріле береміз. Дамыған 30 ел емес, одан да жоғары нәтижеге жетеміз, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жаңа тұрғын үйдің салтанатты тапсырылу рәсімінде.
Құрылыс құны 1 млрд теңгеге бағаланған жаңа үйдің құрылысын «ЖайықСелСтрой» ЖШС бір жылдан аса уақыт ішінде аяқтаған.
— Алдағы уақытта біз тағы да жаңа үйлерді пайдалануға береміз. Дәл қазір Батыс Қазақстан облысында «7-20-25», «Нұрлы жер» т.б. мемлекеттік бағдарламалар бойынша көпқабатты 24 үй, аудандарда 104 үй салынып жатыр. Осы үйлер тапсырылған кезде 3500-ден аса отбасы жаңа баспанаға ие болады. Мемлекет қарапайым қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру үшін болашақта да еңбек ете береді. Тәуелсіздік күніне орай Оралда жаңа мектеп, тағы да көпқабатты тұрғынүйлер пайдалануға беріледі, — деген өңір басшысы пәтер иелеріне жаңа баспана тек жақсылықтың, бақ пен берекенің ұясы болуын тіледі.
Осы күні Аида Бейісова, Ілияс Мақсот, Ләззат Молдашева, Ержан Зайнуллин, Пелагея Беляева, Еламан Аманғұлов және басқалары пәтер кілтін Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың өз қолынан алды. Күннің аязына қарамастан қызыққа жиналған жас балалар шашуға қарық болды.
Тұңғыш Президент күні оралдық спортшылар үшін де қуанышты болды. Бұл күні қала іргесіндегі Деркүл ауылында 700 шаршы метрлік, облыс орталығының Егізбаев көшесінде аумағы 453,7 шаршыметрлік спорт кешендері пайдалануға берілді. Мұнда халықтың түрлі бұқаралық спорт түрлерімен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, «NARYN» спорттық-сауықтыру кешенінің екі деңгейлі ғимаратында волейбол, баскетбол алаңдары, би залы, үстел теннисі жабдықталған. Кешен алғашқы күннен-ақ бәсекелі дуға толып кетті: мұнда Тұңғыш Президент күніне орай мұнда үстел теннисінен ерлер, мемлекеттік қызметкерлер және тірек-қимыл жүйесі зақымданғандар арасында үстел теннисінен республикалық ашық турнир басталды.
Айта кетейік, Орал қаласы аумағында бұған дейін 7 спорттық-сауықтыру кешені спортсүйер бұқараға қызмет ететін. Бүгін олардың саны 9-ға жетті. Мұның бесеуі – мемлекеттік болса, төртеуі – жекеменшік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ