Оралда тұтқындардың азаптау туралы шағымдарын тексеріп жатыр

0

Оралда РУ-170/3 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан 246 тұтқын Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының өкілдігіне азаптау пен қысымға байланысты шағымданды. Олар тінту кезінде өздерін кемсітіп, қорлағанын айтқан. Тұтқындардың айтуынша, оларды киімдерін шешкізіп, ұрып-соғып, бірнеше сағат далада аязда тұруға мәжбүрлеген. Бұл ақпаратты ұлттық превентивті механизмдерді жүзеге асыру тобының Батыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Павел Кочетков айтты.

— Біз тінту шаралары өткеннен кейін ертесінде түрмеге бардық. №2, 4 және 6 отрядтағы барлық сотталушылардан қаз-қатар сұрап шықтық. Барлығы 246 адам. Бес-жеті адамнан басқасының бәрі әскери қызметкерлердің 23 қаңтарда шамамен күндізгі сағат 15:00 мен 19:30 арасында өздерін жаппай ұрып-соққанын ауызша айтып, шағымданды. 99 жазбаша шағымның бәрін қабылдадық. 10 шағым ұжым атынан жазылған, қалғаны жеке тұтқындардан түсті. Олар тінту кезінде өздерін ұрып-соққанын, тепкілеп, дубинкамен ұрғанын, сосын далаға шығарып, жалаңаштап, отырып-тұрғызғанын айтты. Бұған қоса, ар-намысына тиіп, қорлап, «Әскер — бұл күш» деп айқайлатқызғанын жеткізді. Тұтқындар далада аязда шамамен үш сағат тұрған, сосын камераларына қуған. Жолда оларды тағы ұрып-соғып, баспалдақтарда тұрған әскерилер тепкен, — деді Павел Кочетков.

Оның айтуынша, бірде-бір ұрып-соғу фактісі әлі күнге дейін тіркелмеген, себебі тұтқындарға медициналық бөлімге кіруіне рұқсат етпеген, ал өздігімен түрме аумағында жүруге тыйым салынған.

— Тұтқындар жарақаттанса да медициналық көмек көрсетілмеген. Ұрып-соғу фактісін түсіріп алдық. Тек бір тұтқын өзін нашар сезінгендіктен жедел жәрдем көлігін шақырған, онда да біз өтініш айтқаннан кейін шақырды, — дейді Кочетков.

Құқық қорғаушы, Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Елена Семенованың айтуынша, тінту өткен күннің ертесінде таңертең РУ 170/3 түрмесінің тұтқындары шағымданған.

— 23 қаңтарда тінту жүргізілген, ертесінде таңертең тұтқындардың өздері таксофон арқылы маған хабарласты, бұған қоса тұтқындардың туыстары да азаптау мен қысымға шағымданды. Тұтқындардың айтуынша, олардың бәрін ұрып-соққан. Арасында мүгедектер де, қарттар да болған. Таяқ жемегендерін аязға шығарып, бірнеше сағат ұстаған, — деді Елена Семенова.

Батыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа бұл оқиға бойынша тексеру жүріп жатқанын айтты.

— Аталған мекемеде 23 қаңтарда тінту шаралары жүргізілгені рас. Оның мақсаты тыйым салынған заттарды табу, жою. Соның нәтижесінде көптеген тыйым салынған заттар (ұялы телефон, кесетін құралдар, азаматтық киім) табылған. Шара кезінде тұтқындардан шағым түскен жоқ, бірақ 25 қаңтарда яғни, бір күннен кейін ұлттық превентивті механизмдерді жүзеге асыру тобының қатысушылары барған кезде кейбір тұтқындар оларға шағымданған, — деді Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Кочетковтың айтуынша, барлық өтініштер қаралған және тұтқындар көрсеткен мекенжайларға — жергілікті және бас прокуратура, президент жанындағы адам құқығы уәкілдігі, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының жергілікті бөлімшелеріне жіберілген.

Azattyq