Оралда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін — Қазақстан жаңалықтары

0

[ad_1]

Күннің күрт жылынып, қардың жылдам еруі оралдықтарды әуре-сарсаңға салуда. Ол аздай жаңбыр жауып, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Көшеде жаяулар түгілі, көліктердің жүруі қиындап кеткен. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Шатырдағы қалың қар тез еріп, кейбір көпқабатты үйлердің тұрғындарына қиындық келтіріп жатыр.

Оралда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Төбелерінен су сорғалаған жұрт күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандарын айтты. Ал қала әкімдігі табиғи сипатағы төтенше жағдай режимін енгізуі мүмкін. Бұл құжат қазір талқыланып жатыр екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.

Бүгінде қала тұрғындарының қабағы қатыңқы, ұнжырғасы түсіп кеткен. Әрине, көшеге резеңке етік киіп шықпасаң болмай тұр. Бұл теңгенің бір жағы ғана. Қардың соңы жаңбырға ұласқанының салдарынан кейбір үйлердің шатыры шыдас бермей опырылып түскен.  

Ықсанов көшесінде орналасқан 1972 жылы салынған 5 қабатты тұрғын үйдің шатырының сау жері қалмапты. Пәтер иелері КСК-ға да, әкімдікке де қарды тазалар беріңіздерші деп өтініш айтқан. Бірақ, естіді құлағым дегеннің керісі.

Былтыр ғана пәтер алып, өз қолымен түгел жөндеу жұмыстарын жасап, қоныс тойын тойлаған Оксана Каткованың қуанышы ұзаққа созылмады. «5 қабаттан төмен қарай сауғалаған судың тоқтайтын түрі жоқ» — дейді.  

«Біздің бүкіл подъездің тұрғындары қиналып бітті. Үйді тастап кете алмайсың. Қабырғалар мен еденді сүртуден көз ашпаймыз. Шылапшын мен шелектерді тізіп қойдық. Не істерімізді білмей абдырап қалдық.  Көрші подъездердің де жағдайы осындай. Бұл аздай енді күйген сымдардың иісі шыққасын жарықты өшіріп жатыр», — дейді тұрғын Оксана Каткова.

Аягөз Ерғалидың үйіне көшіп кіргеніне 2 ай болған. Соңғы екі апта қолынан шүберек түспепті. Күні-түні тоқтамай аққан судың кесірінен дүние-мүлкінің сау жері қалмапты.  

«Балам ана жақта жылап жатады. Мына жақта сүрту керек. Оның үстіне заттар бар. Бәрі сыз тартып жатыр. Кілемнің бәрі дымқыл болып кетті. Бәрін жинап-жинап қойдық. Күнде сүртіп тұру керек. Өйткені барлық қабатқа кетіп жатыр. Төменгі қабаттарға кетіп жатыр», — дейді тұрғындардың бірі  Аягөз Ерғали.

Тұрғындар үйдің шатырын модернизация арқылы жөндетейін десе біраз уақыт жоғалтып алатын болып тұр. Оны күтіп отырса пәтерлерінің сау жері қалмайын деп тұр. Амал жоқ, барлығы жиналып ақша жинауға көшкен.   

«Біз қазір әр пәтерден 10 мың теңдеген жинап қойдық. Бұл қаражатты жөндеу жұмыстарын жүргізетіндерге береміз. Шатырға шығып бұзылған жерлердің барлығын бірінші тазалау керек. Сосын қайтып жаңадан жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Құрылыс материалдарына тағы 20 мың теңгеден жинауға тура келеді. Оның бағасы да қымбат болып тұр. Осылай істемесек болмайды. Әкімдіктен қайыр болмай тұр», — дейді тұрғын Оксана Каткова.

Қалалық әкімдіктің ұсынып отырғаны сол «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында қайта жөндеу өткізу керек дейді. Ал негізінен ол үйдің шатыры сол жердің тұрғындардың мүлкі болғандықтан атқарушы биліктен көмек сұраудың өзі қисынсыз екен. 

«Шатыр тұрғын үй иелерінің ортақ мүлкі болғандықтан, барлық үйдің күтіп ұстау жұмыстары және жөндеу жұмыстарына кететін барлық шығындар тұрғындарға жүктеледі», — дейді қалалық әкімдік тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Радмир Жасенов.

Әкімдік мамандарының жауабын алған тұрғындар енді асарласып өз қалталарынан ақша шығарып жөндемесе басқа амалдары жоқ. Оралда ауа-райының әзір өзгерер түрі жоқ. Сондықтан жер қарайғанша қанша үйдің шатыры қирап, қанша үй су астында қалатыны белгісіз. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz