Оралда Сталинге арнап гүл шоғын қойды; акцияға қарсылық танытқан адам ұсталды

0

21 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында өздерін «Поколение» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріміз деп таныстырған оннан астам адам Жеңіс алаңына келіп, Мәңгілік отқа «Сталиннің 140 жыл толуына орай қазақстандықтардан» деп жазылған лентасы бар гүл шоғын қойды. Осылайша олар совет диктаторы Иосиф Сталиннің туған күнін атап өтті. (Ресми құжат бойынша Сталин 1879 жылы 21 желтоқсанда туған). Акцияға негізінен зейнет жасындағы адамдар келді.

Жеңіс алаңында акция басталған кезде бұл жаққа бірнеше адам келіп, шараның өтуіне қарсылық білдірді. Олар «Сталинді дәріптеуге жол жоқ» және «Сталин өлімі» фильмін көруге кеңес беремін» деген жазуы бар плакаттарды жайып тұрды.

Сталин өмірінің соңғы сәттерін бейнелейтін Франция мен Ұлыбритания бірігіп шығарған көркем фильмді бұған дейін Ресейде көрсетуге тыйым салған еді. Ресей билігі бұл «совет одағының тарихын мазаққа айналдыруы мүмкін» деп мәлімдеген.

— Сталин тұсында миллиондаған адам өлді, сол себепті олардың бүгін жасап жатқан шарасы — заңсыз. 31 мамыр Сталин кезеңіндегі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Біз бүгін бұл жерге көптің назарын осы жайтқа аударту үшін келдік. Бұл өзіндік бір акция. Қарсы акция, — деді акцияға қатысушылардың бірі танымал адвокат Абзал Құспан.

Ол әкімдік пен полицияға гүл шоғын қоюшыларға қарсы акция жасайтынын ескерткен.

Гүл шоғын қою акциясы кезінде «қарсы жақтан» бір адам келіп, гүл шоғына қойылған Сталиннің портретін алып тастап, кетіп қалды. Ер адамның қолында «Сталин — жендет» деген жазуы бар плакат болды. Оны полиция қызметкерлері ұстап, бөлімшеге жеткізген. Оған қандай да бір айып тағыла ма, тағылмай ма, әзірге ол жағы белгісіз.

Оқиға орнына келген жергілікті полиция бөлімінің бастығы Кенжебек Құспаев жұртты қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырып, ескерту жасады. Орал қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өкілі билікпен келісілмеген акцияны ұйымдастырғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын айтып өтті.

Мәңгілік отына гүл шоғын қойған адамдар «Сталиннің сіңірген еңбегі» жайлы айтты. Олардың бірі Василий Шамин «бұл шараны өткізу үшін биліктен рұқсат сұраудың қажеті жоқ, себебі мұнда ешкім арнайы сөйлеген жоқ, белгілі бір шешім, резолюция қабылданған жоқ» деді.

Пост советтік республикаларда Сталинге байланысты қарама-қайшы пікір бар. Кейбірі, негізінен зейнет жасындағы адамдар «көсемнің» мемлекет құрудағы рөлін айтса, көбі совет диктаторы билеген тұста миллиондаған адамның қуғын-сүргінге ұшырағанын айтады. Олардың бір бөлігі атылды, бір бөлігі күштеп ұжымдастыру нәтижесінде аштықтан қырылды, еңбек лагерьлеріне жіберілді. Қазақстанда тарихшы ғалымдар келтірген деректерде 20-ғасырда совет билігі тұсында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқының қатты зардап шеккені айтылған.

Azattyq