Оралда пикетке шыққан белсенді әлеуметтік төлемді талап етті

0

10 ақпанда Оралда жергілікті белсенді Орынбай Оқасов қаланың орталық алаңына «Мүгедектердің ақшасын жымқырған кім?» деген жазу ұстап шықты. Белсенді әлеуметтік төлем екі айдан бері төленбей отырғанын айтады.

Оқасов Абай ескерткішінің алдына шығып, плакатын жаюға дайындалып жатқан кезде оған жақындаған қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ербол Көшеков белсендіден қандай мақсатпен акцияға шыққанын сұрады. Оны анықтаған соң шенеунік белсендіні наразылық акциясы туралы жергілікті атқарушы билікке алдын ала хабарлау қажеттігін ескертті. «Акцияны доғарасыз ба?» деген Көшековтің сауалына Оқасов «жоқ» деп жауап берді.

Билік өкілі кеткен соң Орынбай Оқасов Абай ескерткішінің алдында жазуы бар плакатты жайып ұстап тұрды.

— Мен арбамен ғана қозғалатын бірінші топтағы мүгедек Ерік Жұмабаевқа әлеуметтік көмекші ретінде қарайласамын. Осы жұмысыма мемлекет маған төлеуі тиіс еңбекақыны былтырғы қарашадан бері алған жоқпын. Қарашада толық бермесе, желтоқсан мен қаңтарға тиесілі ақшаны мүлде төлеген жоқ. Мүгедекке көмек көрсеткені үшін ақшасын ала алмай жүрген жалғыз мен емес, облыс бойынша солай. Бүгін мен биыл осы жәрдемақыны төлейтін тендерді ұтқан «Арба» орталығында болдым. Жетекшісі Гүлмира Батпақұлова мемлекетпен жасалған келісім-шарт тек 3 ақпаннан басталатынын айтты, яғни қаңтарға бізге ештеңе төлемейді деген сөз, — деді Орынбай Оқасов.

Белсендінің сөзінше, мүгедектердің әлеуметтік көмекшілеріне тиесілі төлем мәселесі жылда қайталанып, оны шешу ылғи дау-дамайға ұласады.

— Егер желтоқсан мен қаңтарда олардың ешқайсысы ақша алмаған болса, мүгедектердің көмекшілеріне қанша қанша жетпей қалатынын елестетіңізші, — дейді Оқасов.

Акция соңында Орынбай Оқасов бұл мәселе бойынша облыс әкімі Ғали Есқалиевке жүгінетінін айтты.

Azattyq