Оралда пикетке шығып, қамалған полицей аштық жариялады
Орал қаласының әкімшілік соты 13 желтоқсанда облыстық сот ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізген бұрынғы полицей Әлібек Ерғазиевті бес күнге қамау туралы сот қаулысын шығарды. Сот оны «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша кінәлі деп тапты.
Әлібек Ерғазиев судья Қадырова шығарған сот қаулысымен келіспейді.
— Бұл заңсыз шешім. Мен бес күнге аштық жариялаймын, — деді ол сот отырысынан кейін.
Ерғазиевті 13 желтоқсанда түстен кейін сотқа жеткізген. Дегенмен сот отырысы бірден басталмай, Ерғазиевтің сотты үш сағаттан астам күтуіне тура келген. Кешкі сағат алтыдан кейін сот залынан шығып кеткен оны полицейлер соңынан қуып жетіп, қолынан ұстап сот залына қайта әкелген.
Ерғазиев бір жарым ай бұрын, 29 қазанда облыстық сот ғимаратының алдында жалғаз адамдық пикет өткізген. «Әділ сот талап етемін» деген жазуы бар плакатпен ол ғимарат алдында бір сағаттан астам тұрған. «Теріс қылығы үшін» бұрын қызметінен босатылған Әлібек Ерғазиев екі жылдан астам уақыттан бері өзін «қызметтен заңсыз шығарғанын» дәлелдеуге күш салып келеді. Жалғыз адамдық пикет кезінде ол бейбіт пикет өткізу үшін 70 рет өтініш бергенін, бірақ әкімдік акция өткізуге рұқсат бермегенін айтқан.
16 желтоқсан күнгі «ықтимал шеру» қарсаңында Қазақстанның түрлі қалаларында 20-дан астам адам 5-15 күнге қамалған. Олар бұған дейін өткен «рұқсат етілмеген акциялар үшін» айыпталған.
Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер бұл шараларды 16 желтоқсан күні «шеру болдырмаудың амалы» деп санайды. Бұрынғы банкир, Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (ҚДТ) Тәуелсіздік күні жақтастарын митингіге шығуға шақырған.
2018 жылы Қазақстан соты бұл қозғалысты «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы Қазақстан тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.