Оралда пикет өткізген белсенді полиция бастығының отставкасын талап етті

0

14 қаңтарда Оралда белсенді Данияр Інжіғалиев полиция ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында «БҚО-да полиция бассыздығы тоқтатылсын! Әбіләзімов қызметінен кетсін!» деген жазуы бар плакат болды. Полиция басқармасының бастығы Масудхан Әбіләзімов белсендіні қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

«Кеше, 13 қаңтарда Зашағанда (Орал ауданы — ред.) ағамды көлік қағып кетті, ол жергілікті полиция бөлімшесіне барып, сол жақтан маған хабарласты. Ағама көмектесу үшін бөлімшеге барған кезде полиция қызметкерлері камераға отырғызамыз деп қоқан-лоқы көрсетті. Бүгін генерал Әбіләзімовке осының бәрін түсіндіріп, полициядағы тәртіпсіздікті айтқым келеді. Менің ойымша, генерал отставкаға кетуі тиіс» деді Данияр Інжіғалиев.

Пикет басталғаннан кейін он минут өткен соң әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің өкілі келіп, «пикеттің заңсыз екенін» ескертті.

— Заңнамаға сәйкес, жалғыз адамдық пикет өткізу үшін рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Мұны президент Тоқаев та айтты, — деді Інжіғалиев әкімдік өкіліне.

Оқиға орнына келген жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі Кенжебек Құспаев Інжіғалиевтен пикетті тоқтатуды сұрап, полиция ғимаратының ішіне кіріп, Масудхан Әбіләзімовпен кездесуге шақырды.

Полиция ғимаратында белсенді шамамен бір сағат уақыт болды, шыққаннан кейін кездесуден ойдағыдай нәтиже шықпағанын айтты.

— Кездесу төмен дәрежеде өтті, нәтижесіне көңілім толмайды. Себебі генерал менің сұрақтарыма кесімді түрде жауап берген жоқ. Әбіләзімов қоластында істейтін полицейлердің мүддесін қорғайды екен, мен әрі қарай да оның отставкасын талап ете беремін, — деді Данияр Інжіғалиев Азаттық тілшісіне.

Данияр Інжіғалиев полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін тіркеп, ақпаратты тікелей генерал Әбіләзімовке беретінін айтты.

Azattyq