Оралда науқас туралы ақпарат таратқан адам жеті жылға дейін сотталуы мүмкін

0

Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік желілерде науқастың жеке мәліметі, мекенжайы көрсетілген ақпарат тарап кеткен

АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында коронавирус табылған Орал қаласы тұрғынының жеке мәліметтерін жария ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

«Әйел Атырауда іссапармен жүргенде ауру белгілерін сезіп, медициналық көмекке жүгінді. Ол бұрынғы «Кумыска» шипажайында орналасқан провизорлық госпитальде болған. Диагноз расталғаннан кейін Орал қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды», – делінген хабарламада.

Әлеуметтік желіде, сондай-ақ, WhatsApp арқылы науқастың жеке мәліметі, мекенжайы көрсетілген ақпарат тарап кеткен. Қазір полиция ақпарат таратқан адамды іздеп жатыр.

«Бұл заңсыз іс-әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады және қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігіне (жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) жатады. Аталған бап бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылыған», – деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сотқа дейінгі тергеуді Орал қаласы ішкі істер департаменті жүргізіп жатыр.

Полиция департаменті азаматтардың жеке мәліметтері Конституция бойынша қорғалатынын ескертеді. Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 8-сынып оқушысы коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында екі адамнан коронавирус табылды.

Қазақстан бойынша науқастардың саны 284 адамға жетті, 20 адам аурудан айықты. 64 жастағы бір адам көз жұмды.

Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Шымкентте тұрғын үй алабы карантинге жабылды. Бүгіннен бастап Ақтау, Атырау және Қарағанды ​​облысының бес қаласы (Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск) жабылды. 31 наурыздан бастап Ақтөбе облысына кіруге тыйым салынады. Сондай-ақ, Қостанай облысы өз шекарасын жауып жатыр. Бұл өңірде коронавирус індеті тіркелген жоқ.



sputniknews.kz