Оралда ірі көлемде есірткі тасымалдағандар сотталды
2018 жылғы 26 желтоқсан 12:34 222
ОРАЛ. ҚазАқпарат — Оралда ірі көлемде есірткі тасымалдағандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Серік Қанатов, Галиб Аббасов және Юрий Сергеев ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Атап айтқанда, С.Қанатов ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1, 2, 3-тармақтарына сәйкес айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді. Ол сонымен қатар нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделетін болады.
ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылған Г.Аббасов 10, Ю.Сергеев 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Бұлар да жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сот талқысында мәлім болғанындай, С.Қанатов биылғы 6-14 маусым аралығында Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды облыстары аумағында ірі көлемде, яғни 72,69 грамм кептірілген марихуана сатып алып, Атбасар-Ақтөбе бағытындағы пойызбен, содан кейін автокөлікпен Оралға, Ларин көшесі бойындағы 4-үйден жалға алған №27 пәтерге жеткізген. Содан кейін бұрыннан таныс Г.Аббасовқа есірткіні басқа адамдарға сатуды ұсынған. Мұны құп алған Г.Аббасов өзінің танысы Ю.Сергеевпен келіскен.
Қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырған С.Қанатов 26 маусым мен 2 шілде аралығында аталған жерлерден 5732,59 грамм марихуана сатып алып, оны да Оралға жеткізген. 3 шілде күні шамамен сағат 12.30-да ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері С.Қанатовтың тұрған пәтерін тінткен кезде аса ірі көлемдегі аталған есірткі табылып, тәркіленді.
Бұдан басқа С.Қанатовтан алған салмағы 2,25 грамм, сіріңке қорабына салынған марихуананы Г.Аббасов пен Ю.Сергеевтің сату мақсатымен «Hyundai Elantra» автокөлігімен алып жүргені де анықталды.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz