Оралда белсенділер Дулат Ағаділді еске алды
Ақмола облысы Талапкер ауылында белсенді Дулат Ағаділді жерлеген күні Оралда жиырмадан астам адам Абай алаңына жиналды. Олар марқұмның жақындары,туыстары мен достарына көңіл айтты. Шамамен 40 минутқа созылған акция кезінде олар Ағаділдің суреті мен «Біздің сағымызды сындыра алмайсың» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
— Дулат Ағаділді Назарбаев жүйесі (бұрынғы президент, Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі басшысы) өлтірді. Оның 30 жыл бойғы әрекеті осыған әкелді. Енді полиция шындықты айтқысы келетін қарапайым адамдардың ізіне түсті. Мемлекет халқын тонап жатыр, еліміздің байлығын, ақшасын шетелге шығарып жатыр. Халықты тонап, өлтіргендер халық деген атқа лайық емес. Шал, кет! — деді белсенді Бауыржан Әліпқалиев.
Белсенділер «Шал кет!», «Шал — дұшпан», «Шал — қанішер» деп айқайлады. Акция соңында белсенділердің бірі Ағаділдің рухына құран бағыштады.
Жиналғандардың айтуынша, акция өткен маңды полиция қызметкерлері бақылап, видеоға түсірген. Бұл аумақта мобильді байланыс пен интернет жөнді істемей тұрды.
27 ақпанда таңертең Талапкер ауылында Дулат Ағаділдің денесін жер қойнына тапсырды. Мұнда белсенді өмірінің соңғы жылдары әйелі, алты баласымен бірге тұрған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан оған мыңнан астам адам келді.
Бұл күні Қазақстанның бірнеше қаласында қаралы митинг өтіп, қатысушылар белсенді «жүрек талмасынан» қайтыс болды деген биліктің сөзіне сенбейтінін айтты.
43 жастағы Ағаділді штаттық киімдегі адамдар 24 ақпанда кешке үйінен ұстап әкеткен, ал ертесінде таңертең Нұр-Сұлтан оның тергеу изоляторында қайтыс болғанын айтты.
Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер биліктің мәлімдемесіне күмән келтіріп, жоғары басшылардың отставкасын талап етті. Олар сонымен бірге уақытша қамау изоляторында отырған белсенділер мен саяси тұтқындарды түрмеден босатуды талап етті.
Видео: Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды (27 ақпан 2020 жыл).