Оралда белсенділер әкімдік алдында наразылық шарасын өткізді
27 қаңтарда Оралда белсенділер қала әкімдігі алдындағы Абай атындағы алаңда үш акция өткізді. Олар биліктің ауысуын, «саяси тұтқындарды» босатуды және жәрдемақының уақытында төленуін талап етті.
Алаңға келген белсенді Қалиолла Гумаров қолына плакат ұстап шығып, биліктен «саяси тұтқындарды» босатуды талап қылды.
— Бұл адамдардың кінәсі жоқ. Олардан билік қорыққандықтан түрмеде отыр. Оқыған-тоқыған азаматтарымыз бостандықта болуы тиіс деп ойлаймын, — деді ол.
Гумаровқа ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп, рұқсат етілмеген митинг үшін жауапқа тартылатынын ескертткі. Әкімдік өкілі одан пикетті тоқтатып, плакатын жиюды талап еткенімен, Гумаров наразылығын жалғастырды.
Белсенді саяси тұтқындарға бостандық талап етіп пикетін жалғастыра беретінін айтты.
Гумаровтан кейін алаңға тағы бір белсенді Орығали Оқасов келді. Оның плакатында «Мүгедектерді кім тонап жатыр?» деп жазылған плакат болды. Белсенді жарымжан адамдарға өтемақыны уақытында төлеуді талап етті.
— Мен арбаға таңылған мүгедек адамға қарап отырмын. Біздің құқығымыздың сақталғанын талап етемін. Мүгедектерге бөлінген ақшаны кім ұрлап жатыр. Олардың жәрдемақысы аз, мемлекеттен дәрі-дәрмек, жуынатын хаттар, медициналық процедура сынды көмек жоқ, — деді ол.
Осыдан кейін белсенділер облыс әкімінің қабылдауына кіруге тырысты. Бірақ ол орнында болмай шықты. Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов жиналғандарға шығып, әкім белсенділерді тізім бойынша 9 ақпанға таман қабылдайтынын жеткізді.
Оралдық тағы бір белсенді Бекболат Өтебаев «Ақордадағы зейнеткерлер отставкаға кетсін» деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Кейін ол акциясын аяқтап, үйіне кетті.