Оралда белсенді БҚО полиция басшысының отставкаға кетуін талап етті
Орал тұрғыны Данияр Інжіғалиев 28 ақпанда қаладағы орталық алаңда Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшысының отставкаға кетуін талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында «Батыс Қазақстан облыстық полиция басшысы генерал Әбіләзімов отставкаға кетсін!» деген жазуы бар плакат болды.
Белсендінің айтуынша, полицейлер оған қысым жасап, «бірге жұмыс істеуді» сұраған.
— Менің үстімнен қылмыстық іс қозғады, полиция қызметкерлері осыны маған қысым жасау құралы ретінде қолданғысы келеді: егер олармен бірге жұмыс істеуден бас тартсам, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың дейді, — деді Інжіғалиев.
Белсенді полицияның бұл әрекетін «бассыздық» деп атап, егер билік жауап бермесе, өзіне қол жұмсайтынын айтты.
Акция басталғаннан кейін бірнеше минуттан соң Орал қалалық әкімдігінің ішкі істер бөлімінің қызметі Нұрбек Алмасов келді. Ол мұндай акцияны өткізу үшін биліктің рұқсаты керек екенін айтып, заңнан үзінді оқып, акцияны тоқтатуға шақырды.
«Азаматтардың бейбіт жиналуына құқығы бары» туралы Конституцияның 32-бабына сүйенген белсенді акциясын жалғастыра берді. Акция шамамен жарты сағатқа созылды. Бұдан соң Данияр Інжіғалиев алаңнан кетіп қалды.
Ал БҚО полиция департаменті «белсендіге қысым жасалды» деген ақпаратты жоққа шығарды.
— Ешкім қысым жасаған жоқ. Ол өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Жәбірленушілер дәл өзін нұсқайды. Былтыр қараша айында шағым түскен, — деді облыстық департаменттің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібаев. Бірақ ол нақты қай бап бойынша белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын білмейтінін жеткізді.
20 ақпанда Інжіғалиев бір айдан астам уақыт бұрын өткізген пикеті үшін бес күнге қамалған. Ол кезде белсенді «БҚО полициясының бассыздығына жол жоқ! Әбіләзімов отставкаға кетсін!» деген жазуы бар плакатпен полиция департаменті ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізген. Содан кейін оны Әбіләзімов қабылдаған.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі қылмыстық және әкімшілік кодекс баптарын азаматтық белсенділердің әрекетіне кедергі келтіру үшін пайдаланады деп жиі сынайды.