Оралда белсенді биліктің толық ауысуын талап етіп, акция өткізді

0

16 қаңтарда Орал қаласы тұрғыны Назгүл Әленова Мәншүк Мәметова атындағы алаңда пикет өткізді. Оның қолындағы қағазда «Биліктің толық ауысқанын қалаймын» деп жазылған.

— Мемлекеттік органдар мен мекемелер, соттар, депутаттардың барлығы билікті заңсыз басып алып отырғандар. Тоқаев та солай, оны ешкім сайлаған жоқ. Қазір барлық заң қарапайым халыққа қарсы. Сондықтан Тоқаевтың отставкаға кетуін қалаймын және соны талап етемін, – деді Назгүл Әленова.

Біраз уақыт өткеннен кейін оған «әкімдіктің ішкі саясат бөлімі қызметкерімін» деп таныстырған азамат келді. Куәлігін көрсеткеннен кейін акцияның заңсыз өтіп жатқанын, жергілікті биліктен рұқсат алынбағанын ескертті. Әленова «Конституцияны білемін және пикетті заң аясында өткізіп жатырмын» деді.

Назгүл Әленова ешқандай ұйым не партия мүшесі емесін, тек қазақстандықтардың құқығын қорғағысы келетінін айтты. Сөзінше, ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте істеген, бірақ жарты жыл бұрын жұмыстан шыққан. Қазір еш жерде жұмыс істемейді. Оның акциясы шамамен жарты сағатқа созылды.

Осы күні Мәншүк Мәметова алаңында тағы бір пикет өтті. Арбаға таңылған азаматтық белсенді Ерік Жұмабаев үшінші күн қатарынан «Маған ҚДТ бағдарламасы ұнайды» деген плакат ұстап шықты. Бірақ азамат Қазақстан соты экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы қатысы жоғын мәлімдеді (ұйымды Еуропа парламенті бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған. Ұйымға қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік етеді).

Оралда бір адамдық пикетке шыққан азаматтық белсенді Ерік Жұмабаев. 16 қаңтар 2020 жыл.

Оралда бір адамдық пикетке шыққан азаматтық белсенді Ерік Жұмабаев. 16 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстанда соңғы айларда бір адам пикеттер жиілеген. Оған шыққандардың талабы әртүрлі. Көбінесе «саяси тұтқындарға бостандық» талап етеді. Бірақ ел билігі Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ деп санайды.

Azattyq