Оралда белсенді «Аяз Атадан Екеуін алыс жаққа алып кетуді» сұрады

0

24 желтоқсанда Оралда азаматтық белсенді Эрик Жұмабаев Мәншүк Мәметова атындағы алаңда жалғыз адамдық пикет өткізіп, саяси реформа қажеттігін айтты. Оның қолында «Аяз Ата, ана Екеуін солтүстік жаққа қарай алып кетіңіз, ең дұрысы — Колымаға» деген жазуы бар плакат болды деп хабарлады «Уральская неделя» басылымы.

Басылымның жазуынша, белсенді «екеу» деп 79 жастағы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның орнына билікке келген Қасым-Жомарт Тоқаевты меңзеген.

— Елде саяси реформа жүргізілгенін қалаймын. Халық үнсіздігі биліктің қылмыс жасауына жағдай жасайды. Қазір Қазақстанда не болып жатқанына үнсіз қарап отыра алмаймын. «Екеуінің» кесірінен тұтас халық зардап шегіп отыр. Біз 30 дамыған ел қатарына қосылу бағытында кетіп бара жатқан жоқпыз, керісінше «солтүстік» жаққа қарай жылжып барамыз, — деп басылым Эрик Жұмабаевтың сөзінен үзінді келтіреді.

24 желтоқсанда болған акция 20 минутқа созылған. Эрик Жұмабаев «халықтың үнсіз отыруын тоқтату үшін» осылайша пикетке шығуды жалғастыра беретінін айтты.

Арбамен қозғалатын Жұмабаев бұған дейін акцияға шықпақ болып, ұсталғанын да айтқан.

66 жастағы Тоқаев 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының жеңімпазы ретінде танылған, бірақ халықаралық бақылаушылар сайлауда «көптеген заңбұзушылық болды» деп мәлімдеген.

Совет Одағы құлағанға дейін билікке келген Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында отставкаға кететінін айтып, бірақ қолында биліктің біраз тетіктерін сақтап қалды. Ұзақ жыл бойы Назарбаев айналасында жұмыс істеген Тоқаев соңғы жылдары парламент сенатының спикері қызметін атқарған. Ол қызметіне кіріскеннен кейін Назарбаев алған бағытты жалғастыратынын айтқан.

Желтоқсан айының басында Германияның DW арнасына берген сұхбатында Тоқаев Қазақстандағы «қос билік» жайлы сыбысты жоққа шығарып, елде «кландық», «отбасылық басқару» мәселесі жоғын айтқан.

Назарбаевтың оппоненттері мен сыншылар және құқық қорғаушылар Назарбаевты азаматтардың негізгі құқықтарын таптады, демократия принциптеріне қайшы жолмен билік өкілетін ұзартты деп айыптаған.

Azattyq