Оралда азаматтық белсенді 10 күнге қамалды
Орал соты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін» жергілікті белсенді Бауыржан Әліпқалиевті он күнге қамау туралы қаулы шығарды. Белсенді сот шешімімен келіспейді және билік осындай амалмен азаматтық ұстанымына ықпал еткісі келеді деп санайды.
Қаладағы №2 әкімшілік сотқа Бауыржан Әліпқалиевті 15 ақпанда түс кезінде алып келді. Оның алдында Абай аудандық полиция бөлімінде одан сұрақ-жауап алған. Өзін сотқа апара жатқанын белсенді Facebook-тағы парақшасында хабарлады.
— Айыпты мойындамамын, себебі мені 23 қаңтар күні өткен жалғыз адамдық пикет үшін жазаға тартып жатыр. Біздің елде жалғыз адамдық пикеттерге заңмен тыйым салынбаған, Қазақстан азаматы ретінде пікірімізді ашық айтуға құқығымыз бар, — деді сотта Әліпқалиев.
Сот отырысында белсенді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің халыққа есеп беру жиыны кезінде полиция қызметкерлерінің өзін ұстап әкеткенін айтты.
— Әкімнің халықпен кездесуіне барып, сұрақтар қояйын дегенмін. Қанша талпынсам да, Ғали Есқалиевтің қабылдауына кіре алмай жүрмін, үнемі кездесуді кейінге қалдырады немесе ауыстырады, — деді ол.
Билік «заңсыз акция» деп отырған шара 23 қаңтарда өткен. Ол кезде Бауыржан Әріпқалиев Оралдағы орталық алаңға шығып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған көшеге бұрынғы атауын (Достық) қайтаруды талап еткен еді. Ол бұған дейін де митингілерге қатысқаны үшін ұсталып, қамалған.
13-14 ақпанда Алматыда да кемінде сегіз адам әкімшілік жазаға тартылды: жеті адам 9-15 күн аралығында қамалды, бір адамға ескерту берілді.
Оқи отырыңыз: Митинг қарсаңында Алматыда тағы үш белсенді қамалды
Белсенділер келесі аптада жоспарланған билікке қарсы наразылық шарасы қарсаңында ұсталып жатыр. Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жұртты 22 ақпанға митингіге шақырған.
- Соңғы жылдары Қазақстанда Әкімшілік кодекстің 488-бабымен («Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу») жүздеген адам жазаланған.
- Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді. Бейбіт жиын өткізу туралы Қазақстан заңының халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтып жүрген құқық қорғаушылар оны өзгертуге шақырып келеді.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам «тыйым салынған ұйым қызметіне араласты» деген айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.