Оралда апатты жағдайдағы үйлер азайып келеді
Тозығы жеткен, апатты үйлер – кез келген қаланың бас ауруы. Өйткені ондай ғимараттар шаһар сәнін бұзғанынан бөлек, ескі үй тұрғындарын баспанамен де қамтамасыз ету керек. Үйреншікті үй, бауыр басқан ауданынан кеткісі келмейтін адам көңілі тағы бар. Осының бәрі Орал қаласында орайымен шешіліп жатыр. Апатты үйлерді ауыстырудың оралдық тәжірибесі бүгінде еліміздің барлық өңіріне ұсынылуда.
2016 жылы Орал қаласында тозығы жеткен, құлағалы тұрған 52 үй болатын, онда 1448 отбасы алаң көңіл болып тұрып жатты.
Елімізде мемлекет-жекешелік әріптестігі бағдарламасы қолға алынған тұста тың идея туды: Қаланың қақ ортасында, коммуникация желілерін тартуға шығын кетпейтін ыңғайлы жерде тұрған апатты үйді қиратып, орнына жаңа ғимарат тұрғызуды құрылыс компаниялары да қызу қолдады. Үй тұрғындары уақытша, құрылыс аяқталғанша басқа жерде тұра тұрады, олардың баспана жалдау шығынын жергілікті атқарушы органдар немесе құрылыс компаниясының өзі көтереді. Жаңа үй салынып біткен соң тұрғындар бұрынғы пәтер көлеміне сай баспанаға тегін ие болады. Қалған пәтерлерді компания өзі сатады. Екі жаққа да тиімді деген осы емес пе?!
Міне, соңғы төрт жыл ішінде Оралда осындай 11 апатты үй сүрілген екен. 113 пәтердің тұрғындары басқа жерге көшіріліп, көне үй орындарында құрылыс қайнап жатыр. Екі үй құрылысы аяқталып, жаңа тұрғындары орналасып та үлгерді: 2017 жылы Депо көшесіндегі №18 үйдің құрылысы бітіп, 16 отбасы жаңа пәтер кілтін алса, өткен жылы 2-шақырым көшесінде де көне үйдің орнына жаңа ғимарат бой көтеріп, апатты үйдегі 32 отбасы жаңа пәтерге көшті. Сөйтіп екі жылда Орал қаласы әкімдігінің баспана кезегінде тұрған апатты үйлердің 48 тұрғыны пәтерін жаңартып алды.
Ал пайдалануға берілген 9 қабатты, 126 пәтерлік зәулім үйдің орнында 12 пәтерлік жертабан үй болды деудің өзі қиын.
Жоғарыда айтқанымыздай, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында «7-20-25» бағдарламасы Орал қаласында біртіндеп іске асырылуда. «Караванный путь» құрылыс компаниясы тапсырған 126 пәтерлік тұрғын үй 11 айдың ішінде салынып бітті. Ол «Нұрлы жер» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша апат жағдайында тұрған үйдің пәтер иелеріне, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшыларына берілетін болды.
Пайғамбар жасынан асқан Өтеген Сұлтанғалиев ақсақал бұрын Орал ет комбинатында дәрігер болып қызмет еткен екен. Өзі де, жары да зейнет демалысына шыққан қариялар осы жердегі көне пәтерде үш бала тәрбиелеп өсіріпті. Апатты үй орнында бой көтерген жаңа үйдің №102 пәтері Өтеген Аюпұлының еншісіне тигеніне ерекше қуанышты.
Бүгінде Орал қаласында осындай көппәтерлі 5 үй салынып жатыр. Ол үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдары аяқталмақ.
«Болашақта құлағалы тұрған 7 көне үйдегі 76 пәтер тұрғындары да осындай жолмен жаңа баспанаға ие болады», дейді облыстық құрылыс басқармасы мамандары.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/