Оралда ант бергеніне 10 күн болған сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты
Оралда ант бергеніне 10 күн болған сарбаз жындыханадан бірақ шықты, деп хабарлайды Zakon.kz басылымы.
Жас жігіт 2022 жылдың маусым айында әскер қатарына шақырылған. Ол Оралдағы 5517 әскери бөліміне Ақтөбе облысынан келген.
Ол шілде айының соңында ант қабылдап, 10 күннен кейін облыстық психоневрологиялық диспансерге түскен. Сарбаздың туыстары келесі күні Оралға келді.
“Біреумен төбелесіп қалды деп ойлаймыз. Арманбек оны ол жерден алып кетуімізді өтінді. Бұған дейін аттан құлаған, миы шайқалған. Әскерге алып кеткен кезінде тіпті тексеруден де өтпеген екен. Біз оны алып кеткіміз келеді, оның қатты соққыға жығылғанына сенеміз, бірақ олар сөйлескісі келмейді” , — дейді жауынгердің туысы Тойбазар Аманбаев.
5517 әскери бөлімінің командирі қатардағы жауынгер Арманбек Қайроштың 9 тамызда фельдшерлік пунктке барғанын айтады. Оның айтуынша, жас жігіт өзіне қол салатыны туралы көпшіліктің көзінше мәлімдеген. Командирі оны фельдшерлік пунктке әкелді, акт жасалды, әскери полиция денесінде ұрып-соғу белгілерінің жоқтығын тіркеді.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығы 9 тамызда сапталу алаңында жігіттің жөнсіз мінез-құлық таныта бастағанын айтады.
“Біз оны фельдшерлік пунктте оқшауладық, ол жерде біздің психолог онымен сөйлесіп, психиатрдың кеңесіне жүгіну қажеттігін хабарлады. Психиатр сарбазға «бейімделудің бұзылуы» диагнозын қойып, аураханаға жатқызу туралы шешім қабылданды. Бұл материал әскери полицияға тіркелді, қызметтік тергеу тағайындалды, олар физикалық сараптама жүргізді. Біз оны психиатрға көрсетуге міндетті болдық, түсініңіздер, өйткені біз мұндай жауапкершілікті мойнымызға ала алмаймыз. Ертең қару алып жүріп, атыс алаңына барып, құдай сақтасын, өзіне бірдеңе жасауы мүмкін”, — деді Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Бақыт Алазов.
Алайда ол диагноздың алдын ала қойылғанын атап өтті. Енді сарбаз екі ай емделеді, содан кейін ол әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіледі, комиссия мүшелері оның қызметін жалғастыра алатынын немесе жалғастыра алмайтынын шешеді.