Оралда 75 миллион теңге пара алған кеден қызметкеріне үкім шықты

0

Оралда пара алған кеден қызметінің бұрынғы қызметкеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотталушы бір жылға жуық ауыр жүк көліктерін «Сырым» автобақылау бекетінен кедергісіз өткізгені үшін ақша алған. Ер адамның 75 миллион теңге пара алғаны анықталды.

Ол мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік әкімшілендіру бөлімінде жетекші маман қызметін атқарған екен. Сотталушыға өткен жылы қазанда халықаралық іздеу жарияланып, қамауға алынды. Судья Динара Ғылманова құқықбұзушылықтың ерекше ауыр деп танылғанын атап өтті.

“Сот үкім шығарарда барлық жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескеріп, сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленеді. Ер адамғк мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза қарастырылған”, – деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Динара Ғылманова.