Орал тұрғыны саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, акция өткізді
Дүйсенбі күні, 12 тамызда Оралдың 38 жастағы тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Ерік Жұмабаев қала ортасында акция өткізді. Арбада отырған азамат «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін», «Репрессия тоқтасын» және «Сөз бостандығын талап етемін» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Өзін азаматтық белсендімін деген Жұмабаевтың Азаттыққа айтуынша, тұрғын Макс Боқаев, Арон Атабек пен Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған істің саяси астары бар. «Қазақстан билігінен осы азаматтарды босатуын талап етемін» дейді ол.
— Жазықсыз сотталған адамдар үшін шықтым. Сөз бостандығын қолдаймын. Еркін, демократиялық елде өмір сүргім келеді, — деді акциясы туралы айтқан Жұмабаев.
Жергілікті «Уральская неделя» газеті азаматтың бір адамдық акциясы туралы видео жариялаған. Видеода пикет өткізіп тұрған Жұмабаевтың жанына полицейлер келіп, тұрғынның жеке деректерін жазып алғаны көрінеді. Аздан соң қала әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері Жұмабаевты облыстық мәслихатқа шақырған. Әкімдік өкілдері азаматқа «билік рұқсатынсыз акция өткізуге болмайды» деп ескерткен.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы директоры Мұхтар Жәкішев 14 жылға сотталған. Оның қамауда отырғанына 10 жылдан асты. Биыл шілденің соңында Семей соты Жәкішевтің өзін шартпен босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Диссидент ақын Арон Атабек Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң қамалып, 14 жылдан бері түрмеде отыр. Макс Боқаев 2016 жылы болған жер митингінен соң бес жылға сотталған.
Қазақстан қалаларында соңғы бірнеше аптада саяси тұтқындарды босату талабымен түрлі акция өтіп жүр. «Саяси тұтқындар» барын халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Еуропарламент те айтқан. Бірақ Қазақстан билігі «саяси көзқарасы мен азаматтық позициясы үшін сотталғандар жоқ» деуінен таймай келеді.