Орал тұрғыны «Бостандық. Шал, кет» деген жазуы бар плакатпен алаңға шықты

0
18

27 желтоқсанда Орал тұрғыны Орынбай Оқасов жаңа алаңдағы Қадыр Мырза Әлі ескерткішінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында «Бостандық. Шал, кет» деген жазуы бар плакат болды. Орал белсенділері осымен төртінші күн акция өткізіп келеді. Орынбай Оқасов пикетті саяси тұтқындарды босату туралы талаптан бастады.

– Биліктен саяси тұтқындарды, кінәсіз адамдарды босатуды талап етемін. Үйден шықсақ болды – бізді үйімізді күзеткен полицейлер ұстайды, құқықтарымызды бұзады, ештеңе түсіндірмейді, – деді Орынбай Оқасов.

Оның айтуынша, оны полицейлер бірнеше рет – 16 желтоқсан, 26 қазан және 21 қазанда ұстаған. Ер адам сонымен бірге биліктің өзіне «отбасың мен бала-шағаң бар» деп ескертіп, қоқан-лоқы да жасағанын айтады.

– Елді басқарып отырған барлық шалдарды жылы-жұмсақ креслоларынан кетуге шақырамын. Қалғып мүлгіген шалдарды отанын сүйетін және мемлекетті сатып кетпейтін жастарға орын беруге үндеп отырмын, – деді Орынбай Оқасов.

Акция шамамен 20 минутқа созылды. Алаңда полицей көлігі тұрды, алайда олар пикет өткізіп тұрған адамға жақындаған жоқ.

Бұған дейін жергілікті белсенді Эрик Жұмабаев Мәншүк Мәметова алаңында үш күн бойы жалғыз адамдық пикет өткізген. Ол бірінші күні «Аяз Атадан екеуін (Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенті) Солтүстікке алып кетуді» сұраса, екінші күні Жұмабаев «Қазақстанда саяси реформа жасауды талап еткен».

Үшінші күні белсендінің плакатында «Билік өздігінен ауыспайды! Ол ауысты дегенше мені арбадан тұрды деп айтқан оңайырақ» деген жазуы бар плакат болды. Арбамен қозғалатын Жұмабаев жалғыз адамдық пикетті күн сайын жалғастыратынын айтты.

Қазақстанда соңғы айларда саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акциялар жиілеген. Билік «саяси тұтқындар» барын жоққа шығарады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз